Риддерде «Аяз Ата – Ақшақар-2024» фестивалі басталды
Шығыс Қазақстанда «Аяз Ата – Ақшақар-2024» фестивалі басталды. Ауқымды республикалық фестивальдің ашылуы Риддер қаласында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің мұрындық болуымен өтіп жатқан мерекелік іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Аяз аталар мен Ақшақарлар қатысуда. Дәлірек айтсақ, кеншілер шаһарының ғана емес, тұтастай облысымыздың мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға Шығыс Қазақстанның аудан қалаларынан, сондай-ақ еліміздің бірқатар облысынан 200-ден астам адам қатысуға ниет білдіріпті. Бұл туралы Риддер қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Қанат Оралбек айтты.
Белгілі болғандай, фестивальдің тұсаукесері қаладағы олимпиадалық резерв мектебінің аумағында өтті. Мұнда ертегі кейіпкерлерінің шаңғы жарысы, сондай-ақ жаңажылдық флешмоб ұйымдастырылып, жиналған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Артынша шаһардың Республика алаңында концерттік бағдарлама басталды. Жалпы, бұл күні мерекелік іс-шара аясында көптеген қызықты оқиға мен қойылым өтеді деп жоспарланған. Әсіресе алыс-жақыннан келген Аяз аталар мен Ақшақарлар шеруі қала тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын да ұмытылмас сәттердің бірі болғаны сөзсіз. Нақ осы Алтай таулары Аяз Атаның отаны атануға лайық, себебі бұл өңірді алты ай бойы қар басып жатады, ал тұмса табиғаты таңғажайып ертегі әлемін еске салады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарламаның маңызды сәті алаңдағы концерт болмақ. Концерт барысында көрермендер облысымыздың танымал өнер ұжымдардың қойылымдарын тамашалай алады. Дәстүр бойынша, бұл күні келе жатқан мерекенің басты символы жаңажылдық шыршаны жағу рәсімі де өтеді.
Нұржан Кенжеұлы
Видео: Ирина Якунина
Фото, видео: Жәнібек Ырысбай