KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, В
524.75 540.6 5.12

Шығыс Қазақстандағы «Страна чудес» орталығы: қиындықты бірге еңсерейік 

Фото: Жасанды интеллект

18.12.2024, 14:45 61 Гульжан Мусина

Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға мақсатты көмек көрсетуді қалай тиімді ұйымдастыруға болады? Баспанаға, тамаққа немесе жұмысқа дәл осы сәтте мұқтаж жандарға қалай жәрдемдесу керек? Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдің бірнеше өңірінде қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге арналған интеграциялық орталықтардың тиімді жұмыс моделін әзірлеу бойынша пилоттық жобаны іске асырды. Мұндай орталықтардың бірі Өскемен қаласында қызмет атқарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ӘР АДАМҒА ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ 

Қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға арналған интеграциялық орталықтың үйлестірушісі, «Страна чудес» оңалту және дамыту орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анна Ипатованың айтуынша, Қазақстанда 2024 жылы қиындықтарға тап болған отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсету мен көмек көрсетудің интеграциялық моделін енгізу жоспарланған. Бұл қадам Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын және 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мен олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды жүзеге асырудың келесі кезеңі болмақ. Бұл бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) жүзеге асыруда. 

2022-2023 жылдары ЕХӘҚМ мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен жобасы аясында әлеуметтік осал топтар үшін әлеуметтік қорғау және белсендіру бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылды. Осы жоба шеңберінде Қазақстанның бес өңірінде – Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграциялық орталықтары ашылды. 

– Жобаның авторларының ойынша, пилоттық жобаны іске асыру министрлікке қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетудің тиімді жұмыс моделін ұсынуға мүмкіндік береді. Мұндай тиімділікке тек мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, полиция және басқа да салалық әлеуметтік қызметтердің бірлескен жұмысы арқылы қол жеткізуге болады. Бұл жүйе «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеуді көздейді, – деп түсіндірді Анна Ипатова. 

САЛҒЫРТТЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ 

Анна Ипатованың айтуынша, ең алдымен, пилоттық жобаның бірнеше айында орталықтың жұмысын тиімді ұйымдастыра алатын мамандар командасын құру қажет болды. Бұл командаға Аннаның өзі, клиникалық психолог және психотерапевт Раиса Иванова, «Үлбі» орталығының әлеуметтік қызметкері Шолпан Волкович, Үлбі полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Ақниет Төкенова, Өскемен қалалық білім беру бөлімінің қамқорлық және қорғаншылық секторының меңгерушісі Досым Қалдыбаев, «Защита» теміржол ауруханасының әлеуметтік қызметкері Наталья Стряпчева және Өскемендегі «Ана үйі» орталығының өңірлік үйлестірушісі Наиля Оңғарбаева кірді. 

– Біздің командадағы мамандар – өз ісіне жанашыр және кәсіби деңгейі жоғары адамдар. Жобаның сәтті іске асуы да осындай адамдардың еңбегімен тікелей байланысты, – дейді Анна Ипатова. 

Интеграциялық орталықтың қызметкерлері бір мақсатқа жұмылып, білімдерін, күш-жігерлерін және мүмкіндіктерін қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуге бағыттай алды. Бұл жерде дәстүрлі түрде байқалатын түрлі қызметтердің арасындағы бәсекелестік немесе «жұмысты өз мойнына алу» сияқты жағдайлар орын алған жоқ. Керісінше, барлық жұмыс нақты құрылымдалып, шағын команда мүшелері арасында біркелкі бөлінді. 

– Біз көмекке мұқтаж көптеген отбасыларға жәрдем көрсетуге ниеттенгенімізбен, оған күшіміз де, уақытымыз да жетпейтінін түсіндік. Сондықтан жұмысымызды түрлі мәселелерге тап болған 30 отбасымен шектедік. Олардың арасында бірден бірнеше әлеуметтік қызмет пен құқық қорғау органдарының жедел көмегіне зәру болғандары да бар еді, – деп Анна Ипатова әңгімесін жалғастырды. 

ЖОСПАРҒА СӘЙКЕС ӘРЕКЕТ 

Көбінесе орталыққа көмек сұрап өздері келген отбасылармен жұмыс жүргізілді. Алайда кейбіреулер команда мүшелерінің негізгі жұмысы барысында олардың «көз алдына» түскендер еді. 

Ең алдымен, адамдарды мұқият тыңдап, олардың жағдайын анықтау үшін жан-жақты портретін жасауға тырысты: қандай мәселелері бар, құжаттары толық па, жұмысқа, баспанаға мұқтаж ба, балаларды балабақшаға немесе мектепке орналастыру қажет пе, денсаулығына қатысты қандай қиындықтары бар деген сияқты барлық сұрақтар қарастырылды. Кейін міндетті түрде сол отбасылардың тұрғылықты жеріне барып, олардың нақты тұрмыстық жағдайы бағаланды. 

– Барлық қажетті ақпарат жиналған соң, біз командамен жиналып, әр отбасы үшін нақты әрекет жоспарын құрдық. Алдымен отбасындағы шиеленісті азайтатын ең маңызды мәселелерді шешу қолға алынды, кейінірек орындалатын істер белгіленді. Бұл жұмыста отбасылардың өздерін де белсенді қатыстыру өте маңызды болды. Біз олардың мәселелерін толықтай өзіміз шешіп беруге тырыспадық. Керісінше, адамдарға қандай көмек көрсетіліп жатқанын және мұндай жағдай қайталанса, оны өздігінен қалай шешуге болатынын түсіндіруге тырыстық, – деді Анна Ипатова. 

Отбасын қиын жағдайдан шығаруға арналған жоспардың жүзеге асуын бақылау интеграциялық орталықтың бір қызметкеріне жүктелді. Ол кейс-менеджер ретінде бекітіліп, отбасыға қажетті қолдауды үйлестіріп отырды. 

БАЛА ҮЙДЕН ҚАШЫП КЕТКЕНДЕ 

Бірде қамқорлық бөліміне он бір жасар ұл баланың апасы жүгінді. Бала өгей әкесінің тұрақты соққысына және анасынан тоқтаусыз ішімдік ішкеніне шыдай алмай, үйден қашып кеткен. Апасы не істерін білмей, баланы қорғаудың жолын іздеді. Бұл жағдай тек жасөспірімге ғана емес, бүкіл отбасына кешенді көмек көрсетуді қажет етті. 

Отбасының жағдайын тереңірек зерттей келе, баланың анасында бірқатар маңызды құжаттардың жоқтығы анықталды. Оның жұмыссыз екені белгілі болды. Мамандар құжаттарды реттеуге және жұмысқа орналасуға көмектесті, бірақ бұл оңайға түскен жоқ. 

– Біз отбасымен жұмыс істеген уақытта, баланың анасы үнемі бір жерге жоғалып кететін. Оны іздеп табу көп уақыт пен күшті қажет етті. Біз оның басты мәселесі – созылмалы алкоголизмнен емделуіне көмектесуге тырыстық. Алайда әйел ешқандай көмекке көнбеді және емделуден үзілді-кесілді бас тартты, – дейді Анна Ипатова. 

Қазіргі уақытта жасөспірім апасының қолында тұрып жатыр. Анасының ата-аналық құқықтары уақытша шектелген, ал құқықтарынан толық айыруға қатысты материалдар дайындалуда. Себебі ол өз қателіктерінен сабақ алып, өмір сүру салтын өзгертуге тырыспады. Жасөспірімге қамқоршы болу жауапкершілігі апасына немесе әжесіне жүктелуі мүмкін. Бұл туралы соңғы шешімді сот шығарады. 

Әзірге бала «Ақ ниет» мектеп-интернатында оқып жатыр. Себебі ол бұрын сабақтарға жиі қатыспай, өз сынып деңгейіне сай оқу бағдарламасын игере алмаған. Осының салдарынан мектеп бағдарламасының барлық дерлік пәні бойынша білімін толықтыру қажет болды. Бірнеше айдың ішінде бала айтарлықтай жетістіктерге жетіп, оқу үлгерімі жақсарды. 

ОТБАСЫЛАР ӘРТҮРЛІ БОЛАДЫ 

Осындай мысалдар көп болды. Жалпы, интеграциялық орталықтың алты айлық жұмысы барысында көмек сұрап 120 адамнан тұратын 30 отбасы жүгінді. Бұдан бөлек, 110 адамды қамтитын тағы 45 отбасы әртүрлі мәселелер бойынша кеңес алды. 

– Біз көпбалалы отбасылармен, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен, жалғыз тұратын зейнеткерлермен, жалғызбасты аналармен, сондай-ақ денсаулығында кінәрат бар балалары бар отбасылармен жұмыс істедік. Бірақ ең көбі, әртүрлі себептермен балаларды шұғыл түрде тартып алу қаупі туындаған отбасылар болды, – деп бөлісті Анна Ипатова. 

СЕНІМДІ ПАНА 

Әңгімелесушіміздің айтуынша, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істей отырып, интеграциялық орталық қызметкерлерінің жинаған тәжірибесін баға жетпес деп айтуға толық негіз бар. Бұл жұмысты мұқтаж отбасылардың мәселелерін кешенді түрде шешу арқылы жалғастыру қажет. 

– Өз тәжірибеме сүйене отырып, осындай орталықтың жұмысын ұйымдастыру туралы өз көзқарасыммен бөлісейін. Біріншіден, мұндай жерде немқұрайлы адамдар ешқашан жұмыс істемеуі керек. Олар қойылған міндеттерді орындай алмайды. Адамгершілік қасиеттер – мейірімділік, жанашырлық, сөзбен де, іспен де көмектесуге дайындық, жауапкершілік – әлеуметтік қызмет мамандары жоғары кәсібилікпен қатар иеленуі тиіс негізгі сапалар, – дейді Анна Ипатова. 

Сондықтан, оның айтуынша, интеграциялық орталықтың жұмысына қамқорлық жасау мемлекеттік мекемеге емес, ұзақ мерзімді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында байқау негізінде үкіметтік емес ұйымдардың біріне жүктелуі тиіс. 

Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін орталық құру барысында оның жұмысы әлдеқайда тиімді болатынын ескеру қажет. Егер орталықтың жанынан дағдарыс орталығы – отбасының барлық жиналған мәселелері шешілгенше алғашқы апталар мен айларда тұруына мүмкіндік беретін баспана жұмыс істесе, нәтижесі әлдеқайда жақсы болмақ. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы дәл осындай қағидамен жұмыс істейді. 

 Екатерина Гуляева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу