Шәкірт тәрбиелеуді өмірлік ұстанымына айналдырған
Самарлық Еламан Нұрланұлы – жас та болса тәжірибесі мол жаттықтырушылардың бірі. Ауданда жұмыс істегеніне алты жылдың жүзі болды. Дегенмен, осы уақыт аралығында шәкірттері ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. Өзі де үлкен спорттан алыстаған емес. Бір сөзбен айтқанда, өзі де, шәкірттері де үздіктер қатарынан көрініп жүрген Еламан талайға үлгі.
Енді бүгінгі кейіпкеріміз туралы әңгіме өрбітсек, Еламан Нұрланұлы 1996 жылы 27 тамызда сол кездегі Семей облысының Көкпекті ауданындағы Шұғылбай ауылында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы орта мектепті тәмамдаған Еламан жанына жақын дене тәрбиесі пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. 2016 жылы Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжін бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында әскерге аттанады. Ал әскерден оралған соң Көкжота ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектебіне жұмысқа орналасады.
Еламан Нұрланұлы мектепте дзюдо күресі мен тоғызқұмалақ, асық, бес тас сияқты ұлттық ойындардан, футбол және баскетболдан шәкірт тәрбиелейді. Соңғы жылдары мектеп оқушылары біліммен қатар, спорттағы жетістіктері де жақсарған. Еламан Нұрланұлының шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтсақ, бапкердің қол астында жаттығатын жас спортшылар Көкпекті, Самар аудандары бойынша 2021-2022, 2022-2023 жылдары ұйымдастырылған «Ұлттық мектеп лигасы» жарыстарының жеңімпазы атанған. Шағын футбол мен баскетболдан, тоғызқұмалақ пен шахматтан ешкімге дес бермеген. Ұлттық спорт түрлері бойынша да жетістіктері жаман емес. Мәселен, 5-11 сыныптар арасындағы жарыстарда Көкжота орта мектебінің оқушылары үш жыл қатарынан бірінші орыннан көріне біліпті. Сондай-ақ, былтыр Өскеменде өткен «Ұлттық мектеп лигасы» аясындағы асық атудан өткен жарыста білім ордасының ұлдар командасы екінші орынды, ал қыздары үшінші орынды жеңіп алған.
Шәкірттеріне сан алуан спорттың қыр-сырын меңгертіп жүрген кейіпкеріміздің өзі де спортқа жақын. Ол бала күнінен спортшы болғысы келгенін, бірақ белгілі бір себептерге байланысты бұл мақсатына жете алмағынан жасырмайды. «Енді мен жетпеген жетістіктерге оқушыларым жетсе, ел мерейін үстем етсе екен деймін. Елін, жерін сүйетін, намысшыл, батыл азамат тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз осы», – дейді жас маман.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан Еламан Нұрланұлының білім саласында қызмет етіп жүргеніне биыл алты жыл. Біліктілік санаты – педагог-сарапшы. Мектеп оқушыларына дене шынықтырудан сабақ берумен қатар, Самар ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдодан жаттықтырушысы қызметін де атқарады.
Бүгінде Еламан Нұрланұлының қол астында 15-ке жуық бала дзюдо күресінің қыр-сырына қанығуда. Жетістіктері де бар. Көкжоталық жас дзюдошылар осыған дейін өткен бірнеше аудандық және облыстық жарыстың жүлдегерлері атаныпты.
Жоғарыда жазғанымыздай, Еламан Кеңесқалиевтің өзі де талай додадан жүлделі оралып жүр. Әсіресе, тоғызқұмалақтан жеткен жетістіктері бір төбе. Мәселен, Семей қаласында мұғалімдер арасында ұйымдастырылған жарыста бірінші орынды иеленіп, ауданның абыройын бір асқақтатқан. Сол сияқты, мұғалімдер арасындағы республикалық додада да бірінші орыннан көрінген. Бұдан бөлек түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңген жүлдесі қаншама.
Тағы бір айта кетерлігі, Еламан Нұрланұлы Самар мен Көкпекті аудандары бөлінбей тұрған кезде, атап айтсақ, 2019 жылы ауданның «Үздік жас педагогы» да атанған. Ол, сондай-ақ 2021 және 2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Нұржан Кенжеұлы