Шаровтардың атадан балаға жалғасқан кәсібі
Бал – бірегей қасиеттерге ие табиғи өнім. Оның адам денсаулығына пайдасы туралы айтып жатудың өзі артық. Біз бүгін сондай өнімді өндірумен айналысатын бір жан туралы сөз қозғамақпыз.
Әке көрген оқ жонар
– Бал деген, әрине, керемет дүние ғой. Дегенмен оны өндірудің өзі үлкен, машақаты мол жұмыс. Бұл құнды өнім адамдарға пайдалы болуы үшін сіз араларды қалай ұстау және балды уақытында қалай жинау керектігін білуіңіз керек, – дейді бүгінгі кейіпкеріміз.
Әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн егер алда-жалда жер бетінен аралар жойылса, төрт жылдан кейін адамзат та тіршілігін тоқтататынын айтқан болатын. Мұны самарлық Александр Александрович Шаров та жақсы біледі. Омартамен шұғылданатын «Фацелия» шаруа қожалығының иесі аралар жайында көп мағлұмат бере алады.
Ара шаруашылығы – Шаровтардың отбасылық бизнесі деуге болады. Атадан балаға жалғасқан кәсіп. Омартаны арғы атасы, артынша атасы мен әкесі ұстаған. Енді, міне Александр Матвеевич Шаровқа да кезек келіп жеткен.
Ара шаруашылығымен қатар, Александрда ірі қара, жылқы, ұсақ мал да ұстайды екен.
– Әкем арамен қатар, мал да ұстайтын. Өз шаруа қожалығы мен шабындық жерлері де болған. Бұл – көп жылғы еңбекпен, маңдай тер, табан етпен жеткен дүние. Сондықтан одан бас тартуымыз дұрыс болмас еді. Қазір әкемнің сол бағыттағы да жұмысын жалғастырып жатқан жайымыз бар. Менің анам Екатерина Ивановна айтқандай, әкем о дүниелік болып кетсе де, артынан мол мұра қалдырды. Ол мұра – аралары. Жалпы, адамдардағыдай араларда да өз отбасылары болады. Мәселен, бізде бастапқыда 70 ара отбасы болса, қазіргі уақытта олардың саны 135-ке жетті, – дейді Александр мақтанышпен. – Жаз мезгілінде, бал жинау кезінде маған әкемнің қасында болған анам көмектесті. Дегенмен, ол кісінің де жасы келіп қалды. Сондықтан қазір балама іздеудеміз. Округ әкімі Рахат Маратұлы бізді әрдайым қолдайды, бастамаларымызды іске асыруға жәрдемдеседі.
Өнімі зор сұранысқа ие
Александр әкесінен көп нәрсені үйренді, үнемі оның жанында болды. Мектепті бітіргеннен кейін ата-анасы оны Ресейдің Саратов қаласындағы техникумға оқуға жіберді. Онда жас Александр омарташылықтың негіздерін үйреніп, болашақта ата кәсібін өз қолына алуға дайындалды. Техникумды үздік бітіріп, бүгінде атадан мұра болып қалған кәсіпті сенімді жалғастыруда.
Александр Матвеевич әкесі сияқты облыстық және аудандық деңгейдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінен қалмайды. Жәрмеңкелерде қонақтарға еш қоспасыз таза табиғи өнім ғана ұсынатын самарлық кәсіпкердің өнімдері әп сәтте сатылып кетеді. Өйткені, бұл шаруашылықтың өнімдері әжептәуір танымалдылыққа, сұранысқа ие.
Бұл жолы да солай болды. Жақында Александр облыс орталығында Самар ауданының мәдени күндері аясында өткен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып қайтқан болатын. Расымен де, аталмыш шаруа қожалығының балынан дәм татып көрген адам сол бір ерекше дәмді қайтадан сезінгісі келіп тұрады екен.
Шаруаны не алаңдатады?
Александр ауылдық жерлерде ара шаруашылығының мәні кетіп, мәртебесі төмендеп бара жатыр деп алаңдауда. Өйткені, ара шаруашылығы көп уақытты қажет ететін ауыр жұмыс. Ең алдымен, сіз бұл жұмысты жан-тәніңізбен жақсы көруіңіз керек, түпкілікті нәтижеге жету үшін жатпай-тұрмай еңбектенуіңіз қажет. Александрды «Неліктен жылдан жылға ара мен сол араны өсіретін адамдар саны азайып бара жатыр?» деген сұрақ мазалайды екен.
Оның айтуынша, кеңес заманында орталықтандырылған қорғаныс жүйесі болатын. Яғни, барлық омарташыға химиялық өңдеудің күні мен уақыты туралы алдын ала хабарланған болса, қазір әр фермер пестицидпен өңдеу жұмысын өз бетінше жүргізеді. Өкінішке қарай, шаруаларды егіннің бітік шығуы ғана қызықтырады. Аралар туралы ойлап отырған тірі жан жоқ. Жергілікті атқарушы органдар, дезинсекциялық қызметтер ара өсірушілер алдын алу шараларын қабылдауы үшін тұрғындар мен омарташыларға егістікті зиянкестерден қорғауға бағытталған өңдеу жүргізілетінін алдын ала ескертуге міндетті.
Александрдың айтуынша, бал өндіруден бөлек, шаруа қожалығы ара өсірумен де айналысады екен. Бүгінде аталмыш шаруа қожалығында селекция мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. «Фацелия» қожалығы біздің климатқа төзімді орта орыс ара тұқымын өсірумен айналысады. «Дегенмен оның да бір кемшін тұсы бар. Бұл аралардың шаққаны өте қауіпті. Жалпы, басқа тұқымдарға, атап айтсақ, орталық украин немесе Кавказ арасына қарағанда бұл аралар агрессивті болып келеді», – дейді кейіпкеріміз.
Тәжірибесі мол омарташыдан кеңес: табиғи бал әрқашан кристалданады. Балдың кристалдануы, қоюлануы – табиғи процесс, ол дәмді әрі пайдалы балдың маңызды көрсеткіші болып табылады. Ал сұйық бал оның ерігенін білдіреді. Қыздырған кезде бал өзінің құнды қасиеттерін жоғалтады. Ондай өнімді шынайы бал деуге келмейді.
Нұржан Кенжеұлы