Арманы табыс емес, кәсіп болды
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ең төменгі пайызбен несие беріліп, нәтижесінде талай адам жұмыспен қамтылды.
Әр кәсіп пен табыс – біреудің жай ғана арманынан және тынбай еңбектенуінен басталады. Арманы мақсатқа ұласып, табысқа апаратын сара жолды талай кәсіпкер жүріп өткен. Солардың бірі – Глубокое ауданының тумасы, омарташы Алексей Дегтярев. Ол осы кәсіпке осыдан жиырма жыл бұрын бет бұрған. Ал қазір Алексей Қазақстанды табиғи бал өнімімен қатамасыз етіп отырған орта бизнес иесі.
Глубокое ауданы Предгорное ауылының тұрғыны Алексей Дегтярев бала кезінен омарташылыққа қызыққан. Алайда бұл атадан келе жатқан кәсіп болмағандықтан оны бірден жалғастырып кету де, өз ісін аша салу да оңай емес еді. Ауылда жалдамалы жұмыста жүріп Алексей 21 жасында алғашқы араның 20 балұясын сатып алды.
Алексей Дегтярев жұмыстан түскен табысын ара шаруашылығын дамытуға салып отырды. Кейін кәсібі өрге домалап, жалдамалы жұмысын тоқтатып, қорадағы малдарын сатып, тек омарташылықпен айналысатын күнге де жетті.
2018 жылы омарташы Алексей мемлекеттен қолдау алды. 245 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатының үстінен өз ақшасын қосып, электрлі бал шайқағашын сатып алды.
Предгорное ауылың табиғатына қарай, осы аймақтың аралары алуан шөптерден, қарақұмықтан және күнбағыс гүлдерінен бал жасайды. Бірақ кәсібі кеңейген кәсіпкер тау мен орман аралап, балдарының түрін көбейтуді қолға алды.
Биыл кәсіпкер «Ертіс» ӘКК» қолдауымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 5 жылға 9,2 млн теңге несие алды. Бұл қаражат омарташыға өндрістің жеңіл әрі жаңа түрін дамыту үшін қажет.
Араларды күтіп ұстаудың өзі талай білім мен білікті қажет етеді. Бал ұясында қажетті температураны, аралардың қысылмай, кең жағдайда өмір сүруін, қысқы ұйқыларының тыныштығын сақтай білу маңызды.
Омарташылар қыста араларды арнайы бөлмеде сақтайды. Бастысы ол жер құрғақ және жылы болуы тиіс. Көктемде аналық ара қатарын көбейту үшін жаңа жақтаулар қосылады. Жалпы аралардың күтімі үлкен бір ғылым іспетті.
Қазіргі уақытта Алексей өз қолымен әзірлеген өнімдерді Қазақстан бойынша саудалауда. Ал оның бал өнімдеріне сұраныс Ақтау, Атырау, Алматы, Орал, Петропавл өңірлерінде жоғары.
Бүгінгі таңда Алексейдің омартасында екі жүз бал ұясы бар. Жаз мезгілінде бір бал ұясында елу мыңға дейін ара тіршілік ете алады.
Ақерке Рағызбаева