ШҚО омарташылары экспорт көлемін еселеуге дайын
Шығыстың омарташылары алдағы уақытта өнім өндіру көлемін еселемекші. Себебі облыста бал өңдеу фабрикасының құрылысы жоспарланып отыр.
Кәсіпорын шаруалардан жиналған өнімді әлемдік стандарттарға әрі барлық елдерге экспорттауға сай етіп өңдейтін болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы – омарта шаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінен еліміздегі көшбасшы аймақтардың бірі және бірегейі. Елімізден алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталатын балдың 77 пайызы нақ осы Шығыс өңірінде шығарылады.
Қырық жылға жуық ара өсірумен және бал өнімдерін өндірумен айналысып келе жатқан «Пасека» шаруа қожалығының жетекшісі, республикалық ара шаруашылығы палатасының өкілі Валерий Қасымбаевтың айтуынша, Алтай тауларында емдік шөптердің алуан түрі өседі, соның арқасында әлемде ешбір баламасы жоқ шипалы әрі сапалы бал жиналады. Бүгінде оның шаруа қожалығы «Алтай балы» брендімен тауарларын Ресей, АҚШ, БАӘ, Моңғолия, Қытайға саудалауда. Алайда өңірдің экспорттық әлеуеті әлі толығымен іске аспай отыр, деп санайды кәсіпкер.
Иә, тәтті өнімді шетелге көптеп әрі жоғары бағада сату үшін белгілі бір талаптар бар. Ол өндірістік бал болуы керек. Осы ретте облыста бал өңдейтін арнайы кәсіпорын салу көзделіп отырғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде облыстың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне осы мәселені түбегейлі зерделеу, бал өңдеу фабрикасын салу бойынша нақты жоспар әзірлеу және осы үлкен жобаға инвестор тарту тапсырылып отыр.
Бұндай өндіріс орны ең алымен омарташыларға тиімді болмақ, жоба жүзеге асқан соң олар өнімін фабрикаға тапсыратын болады, бал сол жерде өңделіп, талапқа сай тауар экспортқа жөнелтіледі.
Бүгінде Шығыстың балын негізінен Қытай елі сатып алып отыр.