KZ
Өскемен
-28°
туман жел 2 м/с, З
514.93 536.04 5.18

Өскемендегі өзгерістер: қалалық жоспарлар қалай жүзеге асып жатыр?

Фото: Altainews

24.12.2024, 21:00 50 Гульжан Мусина

Елімізде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және инфрақұрылым салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен ұлттық жобалардың жүзеге асырылуы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаруда. Бұл ретте Өскемен қаласы да қарқынды өзгерістердің орталығына айналуда. Жаңа мектептердің салынуы, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және заманауи инфрақұрылымның дамуымен бірге, қаланың келбеті мен мүмкіндіктері айтарлықтай жақсарды.

Үш бірдей жайлы мектеп салынып жатыр

Білім беру саласы – қоғамның рухани және зияткерлік дамуының негізі. Оның деңгейі мен сапасы жас ұрпақтың сана-сезімі мен қарым-қабілетіне, тәлім-тәрбиесіне тікелей әсер етеді. 

Бүгінгі таңда Өскеменде 186 білім беру нысаны бар, олар – 15190 бала баратын 103 балабақша (37 мемлекеттік, 51 жекеменшік және 15 шағын орталық), 49863 оқушы баратын 56 мектеп (49 жалпы білім беретін мектеп, 3 жекеменшік мектеп, түзеу мекемелері жанындағы 2 мектеп, 2 түзету мекемесі), 15702 баланы қамтитын 7 қосымша білім беру ұйымы, 14970 студенті бар 20 кәсіптік-техникалық оқу орны, 836 бала баратын 8 арнайы білім беру ұйымы.

Қалада үш ауысымды және апатты мектептер жоқ. Биыл драма театры маңындағы Нұрлы жол шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Жаңа үлгідегі 10 кабинет жабдықталды. Атап айтсақ, бір химия, үш физика, екі биология, екі роботты техника кабинеті және екі STEM-кабинет.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында үш заманауи мектеп салынып жатыр. Уәлиев көшесінде 600 орындық, Тимофеев көшесінде 300 орындық және Есенберлин даңғылында 600 орындық мектеп бой көтеруде.

Үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 100 пайызға, екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 98,7 пайызға жетті. Кезекте екі-үш жасар 1430 бала тұр. Тапшылықты қысқарту үшін жыл соңына дейін 679 орындық 11 балабақша ашу жоспарланып отыр.

Осы жылы екі мектепке, яғни Защита шағын ауданындағы №2 жалпы білім беретін мектепке және Математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейге күрделі жөндеу жүргізілді. Ал 14 мектеп пен балабақша ағымдағы жөндеуден өтті. Олар – Ново-Троицк негізгі орта мектебі, №37 көпсалалы мектеп, №10, №34  мектеп-лицейлер, М. Әуезов атындағы №17 орта мектеп, №15 және №36 орта мектептер, №1 «Балапан», №2 «Бүлдіршін», №6 «Күншуақ», №7 «Радуга» балабақшалары, №61, №62 арнайы балабақшалар, №103 балабақша.

Мемлекеттік тілді дамытуға жіті көңіл бөлініп келеді. «Қонақжай отбасы» жобасы іске асуда, оның аясында Өскеменнен 24 бала Катонқарағай ауданының отбасыларында тұрып, қазақтың тілі мен дәстүрін үйреніп қайтты.

Өскемен қаласында білім беру нысандарының саны мен сапасы қарқынды түрде артып келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар мен жаңа бастамалар білім беру жүйесінің сапасын көтеріп, жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашуда.

Ахмердің өз амбулаториясы болады

Өскемен қаласында халық денсаулығы – басты назарда, медициналық көмек көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

Қалада тұрғындарға медициналық көмекті 72 мекеме көрсетіп отыр. Оның ішінде 15 аурухана, 55 амбулаториялық емхана, бір фельдшерлік-акушерлік пункт және бір медициналық пункт бар.

Қуантарлығы сол, соңғы жылдары қатерлі ісікпен сырқаттанушылықтың 4,8 пайызға, қатерлі ісіктен болған өлім-жітімнің 0,8 пайызға, қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылықтың 33 пайызға төмендеуі байқалады. Нәресте өлімі 39,5 пайызға кеміді, бұл көрсеткіш 1 мың тірі туылған шақалаққа 4,6 жағдайды құрайды. Қала бойынша ана өлімі тіркелген жоқ.

Халық денсаулығын нығайту мақсатында жыл соңына дейін жеті денсаулық сақтау ұйымына 2 миллиард теңгенің 96 медициналық жабдығын жеткізу жоспарланған. Биыл бес медициналық мекемеде күрделі жөндеу жүргізілді, екі денсаулық сақтау нысанын жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.

Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 146 төсек-орындық Көпсалалы гематологиялық орталықтың құрылысы әлі жалғасуда, ол молекулалық-биологиялық, генетикалық және бағаналы жасушаларды өсіретін зертханалармен жабдықталады. Бұл диагностикадан оңалтуға дейінгі медициналық қызметтердің барлық түрін көрсетуге мүмкіндік бермек.

Ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді жақсарту үшін Ахмер ауылында бір ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория және төрт төсек-орындық күндізгі стационар салу жөнінде жоба әзірленді. Болашақ амбулатория үшін Жаңажол көшесі бойындағы мектептің жанынан жер телімі бөлінген. «OskemenBuild» ЖШС мердігер ұйымы құрылыс салынатын жерді дайындау жұмыстарын аяқтап, қазір іргетасын қалап жатыр. Жобаның жалпы құны – 687 миллион теңге.

Қаладағы медициналық мекемелердің жаңартылуы мен жаңа нысандардың салынуы халыққа заманауи әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер мен жетістіктер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.

Жолдар жөнделіп, автобустар жаңарды

Биыл Өскемен қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту мен қоғамдық көлік саласын дамыту мақсатында ауқымды шаралар қолға алынып, облыста жарияланған «Жол жылы» аясында көптеген ірі жобалар жүзеге асты. 

Қыркүйек айында Абай мен Шәкәрім даңғылдарының тұсында жаңа жағалау ашылды. Жібек Жолы көшесінен Өскемен – Алматы трассасы мен Базовая көшелері бағытындағы автомобиль жолын жаңарту жұмыстары аяқталды.

Сәтбаев – Жібек Жолы және Славский – Пермитин көшелерінің қиылысында жол айырығын салу жұмыстары жалғасуда.

Осы жылы шұңқырларды жөндеу кезінде 74,2 мың шаршы метр жол жабыны қалпына келтірілді. Жалпы ауданы 256,7 мың шаршы метр жолға қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар жалпы қашықтығы 46,6 шақырым болатын 80 көшеде атқарылды.

Жалпы ұзындығы 34,9 км болатын 38 жол учаскесі орташа жөнделді. Жалпы ұзындығы 7,4 км тротуарлар салынды. Қиылыстардағы қозғалысты жеңілдету үшін 7 оң жақ бұрылысы жасалды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 8 учаскеде және тұрғындармен кездесулердің нәтижесі бойынша 50 учаскеде көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Өскеменде қоғамдық көліктің 52 маршруты бар, атап айтсақ 40 автобус маршруты, 9 шағын автобус маршруты және үш трамвай маршруты, бұл бағыттармен 395 жолаушы көлігі қатынайды, атап айтсақ 304 автобус, 68 шағын автобус, 23 трамвай қызмет етеді.

Қоғамдық көліктерді жаңарту шеңберінде жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылы 18 автобус, 2022 жылы 53 автобус, 2023 жылы 42 автобус сатылып алынған болатын. Биыл 66 автобус пен 34 шағын автобус алу жоспарланған.

Жолдар мен қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасап, Өскеменнің заманауи, ыңғайлы және қауіпсіз қалаға айналуына ықпал етуде.

Елу шақты үйдің қасбеті боялды

Өскемен қаласында биыл абаттандыру және қалалық инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып, тұрғындардың жайлылығы мен қаланың эстетикалық келбетін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. 

Осы жылы Орталық әмбебап дүкеннің алдындағы сквер, Новаторлар көшесіндегі сквер және Қазақстан көшесінің Қабанбай батыр көшесінен облыстық кітапханаға дейінгі аумағы, Потанин – Астана – Қашаубаев көшелеріндегі жаяу жүргіншілер аймағы, Шәкәрім даңғылы, Репин көшесі (Гавань шағын ауданы), Машиностроитель көшесі абаттандырылды.

Бірқатар спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін және қала тұрғындары демалатын орындарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Атап айтар болсақ, Защита шағын ауданындағы стадион, Комсомол аралындағы спорт кешені, Комедантка өзенінің арналары, «Нұрлы жол» саябағы, «Өскемен» аллеясы, Интернационалист жауынгерлерге арналған ескерткіш, Амфитеатр ауданындағы бауырластар қабірі, Үлбі өзенінің жағалауы – С. Нұрмағамбетов көшесіндегі Үлбі көпірінен Мыза көшесіндегі Үлбі көпіріне дейінгі бөлігі, Қазақстан көшесі – Мыза көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейінгі бөлігі, Шәкәрім даңғылы – қалалық мемлекеттік кірістер басқармасынан Металлургтердің мәдениет үйіне дейінгі бөлігі.

Қаланың «көне» бөлігіндегі 52 тұрғын үйдің қасбеті жөнделіп, сырланды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 12, ал есеп беру кездесулерінің нәтижелері бойынша 7 аула абаттандырылды. 16 ойын алаңы орнатылды, оның 5-і «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша. Үш спорт алаңы жабдықталды, оның біреуі тағы да «халықтық» бюджет аясында іске асты.

Жүзеге асқан абаттандыру шаралары Өскеменнің өмір сүру үшін қолайлы әрі көрікті қала ретінде дамуына ықпал етті. Мұндай бастамалар қала тұрғындары мен қонақтарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған оң қадамдар екенін дәлелдеді.

24 көпқабатты үй пайдалануға берілмек

Өскемен қаласында тұрғын үймен қамтамасыз етуді арттыру мақсатында жыл соңына дейін жалпы көлемі 303 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Оның ішінде жалпы ауданы 263,2 мың шаршы метр болатын, 2428 пәтерден тұратын 24 көпқабатты тұрғын үй (672 пәтерден тұратын, жалпы ауданы 75 мың шаршы метр болатын 4 несиелік үй және 1576 пәтерден тұратын, жалпы ауданы 175,1 мың шаршы метр болатын 20 коммерциялық үй) және 370 жер жекеменшік үй бар.

Осы жылдың соңына дейін көпқабатты тұрғын үйлерден 214 пәтер және 28-ші шағын ауданында 17 жеке жер үйден 34 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Сонымен қатар қала әкімдігі шағын аудандарды барлық қажетті инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді.

Жаңа жылу орталығын салу көзделуде

Өскемен қаласында орталықтандырылған сумен жабдықтау және жылу жүйелерін жаңарту мақсатында маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Орталықтандырылған сумен жабдықтау мақсатында Комсомольский (Лесхоз) кентіндегі 197 үйге, Рабочая көшесіндегі 39 үйге тартылған су құбырларын жаңарту, Халықтар достығы көшесіндегі 34 үйге су желілерін салу жұмыстары жүргізілуде.

Кәріздерді жаңарту аясында Пограничная мен Тоғас көшелерінің қиылысынан Куратов көшесіне дейінгі арынды коллектор учаскелерін реконструкциялау, Жаңа Согра кентіндегі тазарту құрылыстарының №1 биофильтр ғимаратын реконструкциялау және тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Шлюзная көшесі бойында жылу желісін салу және Пограничная көшесі бойында жылу желісінің учаскесін қайта құру жұмыстары аяқталуда.

Өскеменде жылу энергиясының негізгі 3 көзі бар, олар – «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС, «Шығыс Жылу» АҚ. Жылыту маусымын сапалы өткізу үшін Өскемен ЖЭО-да 17 негізгі және қосалқы құрылғы мен жылумен жабдықтау желілері жөнделді, Согра ЖЭО-да үш қазандық пен екі турбогенератор, «Шығыс Жылу» АҚ-да 12,9 км желі мен қазандықтар жөндеуден өтті.

Өскеменде жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстарымен бірге, келешекте жаңа жылу орталығын салу жоспарлануда, бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қазақстан мен Ресей энергетика министрліктері арасында жасалған меморандум аясында келешекте Өскеменде жылу энергия орталығын салу көзделіп отыр.

«Таза Қазақстан»: 8 мыңнан астам көшет егілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген негізгі міндеттердің бірі – экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулы. Бұл міндет Өскемен үшін өте өзекті.

Осы жылдың 6 сәуірінен басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қала бойынша 150 мың адам қатысып, 91 техника жұмылдырылды. Саябақтар, скверлер мен аллеяларды қоса алғанда 42 қоғамдық орын тазартылды.

15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында апта сайынғы сенбіліктер өткізілді.

«Өскемен» аллеясында, «Нұрлы жол» саябағында, Комендантка өзені аңғарында, Есенберлин, Әл-Фараби, Назарбаев даңғылдарында, Қазақстан көшесінде, Мемлекеттік рәміздер орналасқан Қазақстан тауында 8,5 мыңнан астам көшет егілді. Олардың дені – шырша, қайың, терек, қарағаш, үйеңкі, емен секілді бағалы ағаштар.

Жалпы ауданы 21 мың шаршы метрден асатын аумаққа және жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын көгалдарға көпжылдық аралас гүлдер отырғызылды.

Жалпы көлемі төрт мың текше метрге жуық заңсыз қоқыс үйінділері шығарылды. Халықтан өтінімдерді қабылдау мақсатында осы жылдың 5 шілдесінен бастап арнайы Телеграмм-бот іске қосылды, оған қала тұрғындарынан 182 өтінім түсті, олардың 178-і орындалды, қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілген экологиялық іс-шаралар Өскемен қаласының тұрғындарына қоршаған ортаны қорғауға және оны таза ұстап тұруға үлкен үлесін қосты, бұл шаралар әрі қарай да жалғасын табады.

Игі істер жалғасын табады

Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және инфрақұрылым салаларында атқарылып жатқан жұмыстар қоғам игілігі үшін жасалып жатқан табысты қадамдар екенін көрсетеді. Жаңа мектептердің ашылуы, медициналық мекемелердің заманауи құрылғылармен жабдықталуы, жолдар мен қоғамдық көліктердің жаңартылуы, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының артуы – қаланың болашағы үшін жасалған ауқымды инвестициялардың жемісі. Мұндай жобалар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін бермек.

Өскеменнің жаңғыру жолында осылай қарқынды дамуы еліміздің әр шаһары үшін үлгі болары сөзсіз.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу