Тарбағатай: спорт пен мәдениет саласының болашағы қандай?
pixabay.com
Тарбағатай ауданында спорт пен мәдениет саласының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл осы салаларға бөлінген қаражат көлемі 1 миллиард 141 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржы түрлі жобалар мен шараларды жүзеге асыруға бағытталған, олардың ішінде жаңа спорт кешендерінің құрылысы, мәдениет мекемелерінің жаңғыртуы және шығармашылық бастамалар бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауданның спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Тұғыл ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл кешен аудан тұрғындарына жоғары сапалы спорттық қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.
Ақжар ауылында да дәл осындай спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 2025 жылдың соңында пайдалануға берілуі жоспарланған нысан спорттың әртүрлі түрлерімен айналысуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, Ақжар ауылының орталық стадионына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бұл жерді спорттық жарыстар мен мәдени шаралар өткізу үшін қолайлы ету мақсатында жаңартылды.
Маңырақ ауылында меценат Бауыржан Қожахметовтің қаражатына салынған спорт кешені спорт бөлімінің теңгеріміне алынып, бірнеше жұмыс орны ашылды. Бұл жоба жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құрып, спорттық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік берді.
Мәдениет саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. 2022-2023 жылдары 6 мәдениет мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл мекемелердің жұмысы жақсарып, тұрғындардың мәдени қызметке қолжетімділігі артты.
Биыл Жаңаталап ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізілді, бұл клубтың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сонымен қатар, барлық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға музыкалық аппаратуралар алынып, 64 дана домбыра 10 ауылға (Тұғыл, Маңырақ, Жетіарал, Жаңаауыл, Қарасу, Құйған, Қабанбай, Байтоғас, Жаңаталап, Жаңа тілеу) табысталды. Бұл музыкалық құралдар ауыл тұрғындарының ұлттық өнермен танысуына мүмкіндік береді.
Ақжар мәдениет үйіне LED экран, құрылмалы сахна және LED экранды сахна кешені орнатылды, сондай-ақ «Шевролет» автокөлігі мен «JAC» микроавтобусы алынды. Бұл көліктер ауылдық жерде мәдени шаралар өткізу үшін көшпелі концерттер қоюға мүмкіндік береді. Мәдениет үйінің сахнасына арналған жаңашылдықтар мәдениеттің жаңғыруы мен дамуына ықпал етеді.
Тарбағатай ауданында өнер мен мәдениетті қайта жаңғырту үшін бірнеше шаралар қолға алынды. Дыбыс жазу студиясына қажетті құрылғылар сатып алынып, арнайы студия жабдықталды. Бұл студия концерттер мен спектакльдерді дыбыстау сапасын арттыруға және өнерпаздардың шығармашылығын жоғары деңгейде ұсынуға мүмкіндік береді.
Ақжар мен Тұғыл ауылдарының мәдениет үйіне сахналық костюмдер тігілді, сондай-ақ көрермен залдарына 200 дана театр орындықтары алынды. Бұл жаңартулар ауданның мәдениет үйлеріне көрермендер мен өнерпаздар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Биыл аудан өнерпаздары Моңғолияға екі рет гастрольдік сапар жасап, ЮНЕСКО ұйымымен ұйымдастырылған дүниежүзілік «Көшпенділер» фестиваліне қатысты. Сонымен қатар, Өскемен қаласында өткен «Туған жер алтын бесік» мәдени жобасында ауданымыздың өнерпаздары өте жоғары дәрежеде өнер көрсетті.
Денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет салаларының дамуы Тарбағатай ауданында адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Бұл салаларды жаңғырту, әсіресе жастардың денсаулығы мен білімін арттыру, мәдениет пен өнерді дамыту ауданды жарқын болашаққа алып келеді.
Тарбағатай ауданының басты мақсаты – дені сау, мәдениетті, білімді және салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бағытта спорт пен мәдениет саласын дамыту ауданның болашағын қалыптастырудың негізі болып табылады.