KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
521.81 543.67 5.05

Сарыбел Шығыстың туристік брендіне айналып келеді

Фото: Жасанды интеллект

Кеше, 08:30 72 Гульжан Мусина

Бүгінде бөлек әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде қайта құрылған Самар ауданы жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр деуге болады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік, туризм салалары дамудың даңғыл жолына түсіп, аудандағы әр тұрғынның өміріне оң әсерін тигізуде. 

Еңбектің қадірін білетін шаруалар асыл тұқымды малдың санын арттырып, төрт түлікті өсірудің заманауи әдістерін енгізіп жатыр. Қорадағы малдың берекесімен бірге техникалар да жаңарып, кең алқаптарда еңбектің лебі еседі. Сол жерден шыққан ет пен сүт өнімдері облыс орталығы – Өскеменнің дүкен-базарларын толтырып, халықтың ризық-несібесіне айналуда.

Самардың өндірісі де тың тыныс алып, қарқынды дамып келеді. Жергілікті кәсіпкерлер өздерінің ерен еңбегімен жұмыс орындарын ашып, өңірдің экономикалық күшін нығайтып отыр. Ал Бұқтырманың құмды жағалауларында демалғысы келген саяхатшылар саны жылдан-жылға артуда. Қонақжай өлкеде туристер үшін жайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған.

Самарлық шаруалардың таңдауы – абердин-ангус

Самар ауданының ауыл шаруашылығы саласы биыл айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, маңызды көрсеткіштерге ие болды. Бұл салада жан-жақты даму байқалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, мал басын көбейту және техникалық жабдықталу бағытында елеулі жұмыстар атқарылды. 

Самар ауданында биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 12 миллиард теңгені құрады.

Өткен жылғы 11 айдың қорытындысымен салыстырғанда қой-ешкі саны 28 120 басты (2023 жылы 26 863 бас болған, өсім – 104%), ірі қара саны 14 394 басты, жылқы саны 9 436 басты, шошқа 377 басты, құс саны 27 820 басты  құрады.

Аудандағы бес шаруа қожалығы асыл тұқымды етті ірі қара малды селекциялаумен айналысады, оларда барлығы 1147 бас ірі қара бар. Осы жылы «Қараөткел» қожалығы 120 миллион теңгеге 250 бас абердин-ангус сиырын сатып алды.

Ауданның жалпы егіс алқаптарының жалпы ауданы 66 166 гектарға жетті, оның ішінде дәнді дақылдар 38 520 гектарды, майлы дақылдар 25 500 гектарды, көкөністер мен бақша дақылдары 98 гектарды, ал жемшөп дақылдары 2 060 гектарды алып жатыр.

Аудандағы шаруашылықтарды жанармаймен қамту үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде 1418 тонна арзандатылған дизель отыны берілді.

Машина-трактор паркі жаңартылып жатыр. Жыл басынан бері 877 миллион теңгенің 42 ауыл шаруашылығы техникасы сатылып алынды. Оның 37-сі – трактор, 5-уі – комбайн, 28-і – тіркелетін агрегаттар.

Қорыта айтқанда, Самар ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Жергілікті шаруашылықтар асыл тұқымды мал өсіру мен егіншілікті дамытуға ерекше назар аударып, заманауи техникамен жабдықталуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығының одан әрі өркендеуіне негіз болуда.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Самар ауылында суармалы алқаптарды кеңейту және су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. 

Самар ауылында Ешкібай су қоймасының бөгеті арқылы суарылатын жалпы аумағы 751 гектар жер бар. Биыл суармалы жерлер ауданы 500 гектар болды, бүгінде «Нұр», «Мәмбет» қожалықтары мен «Еңбек-Агро» серіктестігі суарумен айналысады. Суармалы жерлерінің ауданын ұлғайту мақсатында «Мәмбет» шаруа қожалығы 2025 жылға арналған Бизнестің жол картасы бағдарламасы шеңберінде электр желісін тартуды көздейтін арнайы жобаны әзірлеп жатыр.

Жоспарлы жобалар мен шаруашылықтардың ынтымақты әрекеттерінің арқасында Самар ауданындағы суармалы жерлердің ауданы артып, ауыл шаруашылығының әлеуеті одан әрі дами түсуде. Бұл бағыттағы бастамалар өлкенің экономикалық тұрақтылығы мен аграрлық саладағы табыстылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. 

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Самар ауданы бұл бағытта белсенді жұмыстар атқарып келеді. 

Ағымдағы жылы аудан шаруашылықтарының 309 өтінімі жалпы сомасы 556 миллиард теңгеге субсидияланды. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау үшін 79 өтінімге 71 629 миллион теңге, бейорганикалық тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін 27 өтінімге 27 692 миллион теңге, дақылдарды зиянкестер мен аурулардан қорғауға арналған гербицидтердің құнын субсидиялау үшін 117 өтінімге 67 249 миллион теңге бөлінді.

Асыл тұқымды ірі қарамен селекциялық жұмыс жүргізуді субсидиялау үшін 5 өтінімге 5,5 миллион теңге, отандық асыл тұқымды ірі қара малын сатып алуды субсидиялау үшін 5 өтінімге 41 миллион берілді.

Шаруашылықтардың инвестициялық салымдарын ішінара өтеу үшін 76 өтінімге 343 262 миллион теңге бөлінді.

Қожалықтарды қолдау мақсатында Аграрлық-кредиттік корпорация арқылы жалпы сомасы 337 миллион теңгенің 8 өтінімі қаржыландырылды.

Аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында мал шаруашылығын дамытып, бизнес-идеяларын іске асыруда. Мәселен, былтыр осы бағдарлама аясында 11 жоба 89 миллион теңге мөлшерінде қаржылай қолдау алды. Оның ішінде 7 жоба мал шаруашылығына, 3 жоба шағын өнеркәсіпке, бір жоба туризм саласына қатысты болы.

Осы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 адам жалпы сомасы 114 миллион теңгенің несиесін алды. Оның ішінде 95 миллион теңгенің 4 жобасы туризмді дамытуға, ал 18 миллион теңгенің екі жобасы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.

Субсидиялау мен несиелеу бағдарламаларының арқасында Самар ауданындағы шаруашылықтар аграрлық секторды дамытуға зор үлес қосып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда. Бұл қолдаулар ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызып отыр.

Өнеркәсіпке тартылған инвестиция екі есеге артты

Самар ауданы экономикалық дамудың түрлі бағыттарын қамтитын аймақ ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмаларын орындау арқылы өңірдің әлеуетін арттырып келеді. Әсіресе өнеркәсіп және инвестиция салалары ауданның жетекші дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналған. 

Аудандағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді орындауға, ауданның экономикалық даму қарқынын арттыруға бағытталған.

Аудан экономикасының жетекші бір саласы – өнеркәсіп. Осы жылдың 11 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 6,8 миллиард теңге болды, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайыз, яғни 6,3 миллиард теңге.

Өңдеу өнеркәсібі бірқатар ірі кәсіпорындар бар. Тоқталып өтер болсақ, ірі шаруашылықтардың бірі – «Мәмбет» шаруа қожалығы. Ал электр энергиясын «Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы» АҚ таратады. «ДСУ-14» ЖШС жол салумен, асфальтты-бетонды қоспа өндірумен, сондай-ақ карьер қазумен айналысады. «Сұңғат» шаруа қожалығы сүтті өңдеп, ірімшік, сары май, қаймақ, құрт жасаумен шұғылданады, өнімдері аудан аумағында сатылады. «Фацелия» қожалығы бал өнімдерін өндіреді, тауарларын негізінен аудан тұрғындарына саудалайды, түрлі деңгейдегі жәрмеңкелерге қатысып тұрады. «Алпыспай» шаруа қожалығының сүт, сүзбе, май, кілегей, құрт өнімдері Өскеменнің ірілі-ұсақты дүкендері арқылы сатылады.

Сондай-ақ ауданда тау-кен өнеркәсібі дамыған. Мұнда металл кендерін, атап айтқанда ильменит концентратын өндірумен айналысатын «Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорны» ЖШС бар. «Каскад» серіктестігі де кен өндіреді.

Ағымдағы жылы инвестиция тартуға басымдық берілді. Биылғы қаңтардан бастап қараша айына дейін аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар мөлшері 12,4 миллиард теңгеге жетті, былтырғы осы кезеңде 5,3 миллиард теңге тартылған болатын, өсу қарқыны 231 пайыз болды.

Самар ауданының өнеркәсібі мен инвестиция тарту көрсеткіштерінің қарқынды өсуі аймақтың экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Болашақта жүзеге асырылатын жобалар ауданның одан әрі өркендеп, тұрақты даму даңғылына түсуіне зор мүмкіндік бермек.

Құмды жағажайлар туристерді магнитше тартуда

Самар ауданы Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі ретінде ерекшеленеді. Табиғи сұлулығы мен инфрақұрылымының қолайлы жағдайлары бұл өңірді жағажай туризмі үшін таптырмас мекенге айналдырған. 

Самар ауданы – Шығыс Қазақстандағы жағажай туризмінің басты бір аймағы. Туристік нысандар негізінен Бұқтырма су қоймасының жағалауында орналасқан. Бүкіл жағалау майда құм алып жатыр және жақын маңда Миролюбовка, Новостройка, Сарыбел сынды үш бірдей ауыл бар. Мұндай артықшылық алдағы уақытта бір жазғы маусымның өзінде 70 мыңнан астам туристі қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір бір маусымда демалушылар саны 55 мыңнан асып жығылады. Облыс орталығынан жағалауға дейінгі қашықтық – 182 шақырым. Бұқтырма су қоймасының жағасында 2260 орындық 1030 үйі бар 54 демалыс базасы орын тепкен.

Сарыбел ауылына кіреберіс жол 90 миллион теңгеге жөнделді, өткен жылы 10 миллион теңгеге 16 бейнебақылау камерасы орнатылды, биыл 3,6 миллион теңгеге көшелер жарықтандырылды.

Новостройка ауылының кіреберіс жолына 105 миллион теңгенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 гектарды алып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 11 миллион теңгеге қоршалды, 3,3 миллион теңгеге көше шамдары орнатылды.

Демалыс базаларын елді мекендер аумағының шекарасына енгізу үшін 10 миллион теңге бөлінді, бүгінде жобасы әзірленіп, мәслихат бекітуінде жатыр.

Сарыбел мен Новостройка ауылдарының бас жоспарларын әзірлеуге аудандық бюджеттен 30 миллион теңге бөлінді, елді мекендер шегіне базаларды енгізу жобасының жоқтығы салдарынан қаржыландыру тоқтап тұр.

Жағалауды электрмен жабдықтау мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен 129 миллион теңге бөлінді, қолданыстағы электр желілерін мемлекет меншігіне сатып алу бойынша конкурс жарияланды.

Жағажай туризмін дамытуға бағытталған жүйелі шаралардың арқасында Самар ауданы жыл сайын туристер санын арттырып, инфрақұрылымын жақсартуда. Жақын болашақта бұл аймақ тек өңір тұрғындарының ғана емес, республика көлеміндегі саяхатшылардың сүйікті демалыс орнына айналатыны сөзсіз.

Кәсіпті нәсіп еткендер көбейіп келеді

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – Самар ауданының экономикалық өсуінің маңызды бағыты. Бұл сала тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде айтарлықтай рөл атқарады. 

Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту, бұл сала экономиканы өркендеті үшін де маңызды.

Ауданда 905 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр, былтыр олардың саны 902 болатын, өсім – 100,4%. Осы субъектілердің ішінде 49 заңды тұлға, 5 орта кәсіпкерлік нысаны, 417 жеке кәсіпкер, 434 шаруа қожалыға бар. Шағын кәсіпкерлік саласында 2340-тан астам адам еңбек етеді.

Бүгінде аудан тұрғындарына 417 шағын кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 12 қоғамдық тамақтану орны, екі наубайхана, төрт дәріхана, екі жанармай құю стансасы, 151 дүкен мен дүңгіршек, бір базар, екі қонақ үй, сегіз шаштараз, Самар ауылындағы бір ғұрыптық қызмет бюросы, тоғыз техникалық қызмет көрсету станциясы, екі жиһаз жасау шеберханасы, бір пластик есік-терезелер жасайтын шеберхана бар.

Шағын және орта бизнестің тұрақты өсуі мен қызмет көрсету саласының кеңеюі Самар ауданының экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Алдағы уақытта ауданның кәсіпкерлік саласы одан әрі дамып, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынатыны сөзсіз.

Мониторингтік топ: баға бақылауда

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты бақылауда ұстау – аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған басты шаралардың бірі. Бұл бағытта сауда үстемесін реттеу мен баға мониторингі жүйелі түрде жүргізілуде. 

Әлеуметтік азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін қосу ережесінің бұзылуына жол бермеу мақсатында жеке кәсіпкерлермен үстемеақыны 15 пайыздан асырмау жөнінде 69 меморандум жасалды. Ауданда тоғыз мониторингтік топ жұмыс істейді, оған депутаттар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер енеді.

Жұмыс топтары ауылдарға жиі барады, жыл басынан бері олар 387 рейд жүргізіп, 17 бұзушылықты анықтады, 10 дүкеннің иелеріне сауда үстемесін асырғаны үшін ескерту жасады, 7 дүкеннің қожайындарына тауарларға баға белгілерін жапсырмағаны үшін айыппұл салынды.

Әлеуметтік азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауға алынған. Жеке кәсіпкерлермен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, мониторингтік топтар апта сайын 19 түрлі әлеуметтік тауарларды қадағалап тұрады.

Бөлшек тауар айналымының көлемі қаңтар-қараша айларында 3 миллион теңге болды. Нақты көлем индексі 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104 пайызды құрады.

Бағаны бақылауға алу және әлеуметтік азық-түлік тауарларына қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары аудан экономикасының тұрақтылығына ықпал етуде. Жеке кәсіпкерлермен тиімді ынтымақтастық және мониторингтік топтардың белсенді жұмысы бұл бағыттағы жетістіктердің негізін қалады.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу