KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 4 м/с, В
524.75 540.6 5.12

«Ертіс» корпорациясы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарып келеді

18.12.2024, 20:15 52 Гульжан Мусина

«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Корпорацияның басты мақсаттарының бірі – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, әсіресе ауыл тұрғындарының өмір деңгейін көтеру. ­­­­­­

Бұл мақсатта корпорация ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған түрлі жобаларды іске асырып, өз үлесін қосуда. Осы орайда, корпорация «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында айтарлықтай жұмыстар жүргізіп келеді.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде халықтың тұрмыс деңгейін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қолға алынған мемлекеттік жоба болып табылады. Бұл бағдарламаның басты бағыты – ауыл шаруашылығы саласын қолдау, ауыл тұрғындарына микрокредиттер беру арқылы оларды жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз ету.

Корпорацияның атқарған жұмыстарының нәтижесінде ауыл тұрғындарына көптеген микрокредиттер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Жобаның іске асырылу барысында ауыл шаруашылығындағы түрлі бағыттар қолдау тапты. Мәселен, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларға арнайы микрокредиттер беріліп, бұл саладағы кәсіпкерлердің дамуына серпін берілді. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы саласында да қажетті қолдау көрсетілді, оның ішінде жылыжай шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында қаражат бөлінді. Ара шаруашылығы сияқты қосымша ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға да қолдау көрсетілді.

Оған қоса, ауыл тұрғындарына ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алу үшін де қаржылай көмек берілді. Осы арқылы ауыл шаруашылығындағы технологиялық жаңартуларға жол ашылды, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына оң ықпал етті. Бұдан бөлек, басқа да ауыл шаруашылығына қатысты емес жобаларға қаржы бөлінді. Мысалы, туризмді дамыту, құрылыс материалдарын сатып алу, қонақ үйлер мен туристік инфрақұрылымдар салу үшін де микрокредиттер берілді. Бұл бағыттағы жобалар аймақтың экономикалық жағдайына оң әсерін тигізуде.

Микрокредиттерді беру барысында корпорация мен облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы арасында тығыз ынтымақтастық орнатылып, барлық қаржыландыру және пайдалану үдерістері қатаң бақылауға алынды. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары берілген несиелердің мақсатты түрде пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін тиісті тексерулер жүргізілді. Бұл шаралар жобалардың тиімділігін арттыруға және қаржыландырудың нәтижелі болуына бағытталған.

«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Еске сала кетсек, 2023 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында «Ертіс» ӘКК сенімді агент ретінде анықталып, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырған болатын. Бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 1,535 миллиард теңгені құрайтын 213 шағын несие берілді, бұл өз кезегінде 235 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Бір жобаға бөлінген орташа несие сомасы 7,2 миллион теңгені құрады. 

Микрокредиттердің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығының сан түрлі салаларын дамытуға бағытталды. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы сомасы 1,224 миллиард теңгені құрайтын 182 шағын несие берілді, бұл барлық берілген қаражаттың 79%-ын құрайды.  Өсімдік шаруашылығы, оның ішінде жылыжай кешендері мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған 3 микрокредиттің жалпы сомасы 25,4 миллион теңгені немесе 1%-ды құрады.  Ал ара шаруашылығын дамыту үшін 52,72 миллион теңге сомасына 7 шағын несие берілді (3%). Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 4 шағын несие бөлініп, олардың жалпы сомасы 67,62 миллион теңгені немесе 4,5%-ды құрады.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ басқа да қызмет түрлері, соның ішінде қонақүйлер мен туризм инфрақұрылымдарын салу үшін жабдықтар, құрылыс материалдары мен жиһаздар сатып алу, ауылшаруашылық кооперативтеріндегі тауарлар өндірісіне 17 шағын несие бөлінген еді. Бұл бағыттағы қаражат көлемі 165,1 миллион теңгені немесе жалпы соманың 12,5%-ын құрады. 

Несие қаражатының мақсатты түрде пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп қажетті барлық шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар бөлінген қаражаттың тиімді әрі нәтижелі игерілуін бақылауға мүмкіндік берді. 

Осы бағдарламаның жалғасы ретінде, биыл корпорация тағы да «Ауыл Аманаты» бағдарламасы ашық конкурстық негізде сенім білдірілген агент болып анықталды. Республикалық бюджеттен бірінші траншпен 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ағымдағы желтоқсан айына дейін аталған сомаға 72 жоба мақұлданып, қаражаттары аударылып қойды. Былтыр басымдылық мал шаруашылығына берілсе, биыл нарықтық экономикада бәсекеге қабілетті болатын бағыттарға ден қойылды. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Дидар Мажириновтың айтуынша биыл бірінші транштың қаражатын игеруде қарастырылған жобалар жарқын ұсыныстарымен ерекшеленген.

- Биыл туризмді дамыту, ауылшаруашылығы өнімдері өндірісі, өнімді қайта өңдеу бағыттарына басымдылық берілді. Жобалар ауыл-аймақтағы сұранысты өтеуде, ауыл халқының әл-ауқатын нысаналы түрде жақсартуда тиімді болар сөзсіз. Мәселен, Глубокое ауданынан түскен бір өтінім шәй өнімін өндірумен айналысуды көздесе, Алтай ауданында кәсіпкер калифорниялық құрттар арқылы биогумусты өндіруді қолға алмақ. Сонымен бірге қонақүйлер мен туристік базаларды жабдықтау да сұраныс бар сала. Бірқатар кәсіпкерлер өз өнімін брендтеуге кірісті. Бұл - отандық өнімді дамытуға деген ұмтылыстың айғағы деп ойлаймын, - деді Дидар Социалұлы өз сөзінде.

Ал жобасы құпталып, қаражаты қолына тиген ауылдықтардың бірі – Дәлет Қажыбаев 2,5 пайыздық несие алу мүмкіндігі мақсаттарының күрт өзгеруіне әсер еткенін алға тартты.

- Халыққа жеңілдікпен беріліп жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы несиені алуға өтінім бердім. Әкімдіктің көмегінің арқасында бүкіл құжаттарым түгенделіп, қалаған бағытта жобам комиссияда құпталды. Менің жобам - «Шұжық және тұшпара шығару цехын ашу». Қазір қаражатымды алдым. Енді қажетті аппараттар сатып аламын. Өзім жұмыспен қамтылып қана қоймай, тағы 1-2 адамды жұмысқа аламын деп отырмын, - дейді кәсіпкер Дәулет.

Бұған дейін мектепте күзетте жұмыс істеп жүрген Дәулет бүгнгі таңда кәсіпкер атанып, өзін ғана емес тағы 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Рас, «Ауыл аманаты» ауылды жерлердегі кәсіпкерлерге өз ісін дөңгелетіп, ешкімге тәуелсіз түрде өз кәсібімен табыс табуға тікелей жол ашатын бірден бір қолдау екені сөзсіз. Айта кету керек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан бойынша жалпы сомасы 4,4 миллиард теңге болатын тағы 548 жоба жеңілдікпен несиелендіруге сұраныс жасап отыр.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ауыл шаруашылығы мен ауылдық жерлердің дамуына қатысты жаңа жобаларды іске асыруын жалғастыруда. Осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстарды аяқтап, қаржылық және техникалық мәселелерді реттеу үшін қажетті шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жаңа кәсіпорындар мен өндірістік қуаттар пайда болып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтеріледі деп күтілуде.

Айта кету керек, «Ертіс» корпорациясы тек қаржылық қолдау көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар жобаларды жүзеге асыру барысында кеңес беру қызметтерін де ұсынады. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне жаңа жобалар мен кәсіпорындарды табысты іске асыруда маңызды көмек. Осылайша, корпорация өзінің әлеуметтік жауапкершілігін толықтай орындай отырып, аймақтың тұрақты дамуына үлкен үлес қосып келеді.

Корпорацияның жұмысы аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, жалпы аймақ экономикасының өсуіне ықпал етіп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы алдағы уақытта да ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыру мақсатында түрлі жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жуықта ғана екінші траншпен бөлінген 1,5 миллиард теңге сома қаражатты игеруде жобалар пулының сұранысқа ие бағыттарына ден қойылмақ. Құзырлы мамандар айтуынша, республикадан бөлінген қаражатты үлестіруді бастамай тұрып, өңір үшін, оның ішінде әр аудан үшін басым бағыттар анықталуы тиіс. Өйткені, нарықтық экономика талаптарын ескермей, тек ауыл азаматтарының қалауы бойынша құпталатын жобалар тауарын өткізе алмайтындай тығырыққа тірелуі мүмкін. Сол себепті, жоба қарастырардың алдында облыстың салалық құзырлы басқармасы кәсіп ашқан әр кәсіпкер өнімін өткізе алатындай, тауары мен қызметін сата алатындай жағдай жасалуы үшін бастапқы кезеңде барлық түйткілді тұстарды ескеріп, басым бағытты анықтап беруі тиіс. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуын жалғастыруға бөлінген жоғарыда аталған 1,5 миллиард теңге соманың игерілуіне қатысты ақпаратты «Ертіс» ӘКК» АҚ ресми сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшалары және колл-орталық арқылы (spkertis.kz орналасқан) қолжетімді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу