Австриямен бірлескен жоба: ШҚО-да тірек-қимыл жүйесі зақымданғандарға оңалту орталығы салынады
Шығыс Қазақстан облысында тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарға арналған халықаралық деңгейдегі оңалту орталығы бой көтермек. Бұл жоба өңірдегі медициналық туризмнің дамуына тың серпін береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет бүгінде туризмнің барлық түріне қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, облыстағы медициналық туризмнің негізгі орталығы — көпсалалы онкология және хирургия орталығы. Жуырда бұл мекемеде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал алдағы уақытта тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға арналған әлемдік стандарттағы оңалту орталығы ашылуы мүмкін. Қазір бұл бағытта Австриямен әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Қысқы туризм мәселесіне келсек, Риддер қаласында жыл он екі ай жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы кластерін салу жоспарда бар. Бұл кешен қысқы спорт түрлері бойынша кәсіби даярлыққа басымдық беретін болады. Бұдан бөлек, қалада бірнеше жоба қатар жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, облыс аумағында «Рахманов қайнарлары» шипажайын қайта жандандыру жұмыстары қолға алынған. Туристерді тарту үшін тиісті имидждік шаралар да қатар жүргізілуде.
Фото: Махаббат Ахметжанова