ШҚО-да әуежай құрылысы кезінде бүлінген жол қалпына келтіріледі
Шығыс Қазақстан облысында мердігер ұйым жаңа әуежай құрылысы барысында зақымдалған республикалық маңыздағы «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының белгілі бір бөлігін қалпына келтіреді, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Сөз 252-ші шақырымнан 311-ші шақырымға дейінгі жол учаскесі туралы болып отыр. Осы бағыт арқылы құрылыс материалдары тасымалдануда. Ауыр техниканың жиі қозғалуынан жол жабыны мен инженерлік құрылымдар зақымданған.
Сондай-ақ жолдың бұзылуына көктемгі маусымдағы ылғалдың артуы да әсер еткен. Бұл кезеңде жол төсемі шамадан тыс ылғалданып, оның көтергіш қабілеті төмендейді. Соның салдарынан жамылғының бұзылу қаупі артады.
Мердігер компания жолды өз қаражаты есебінен қалпына келтіру туралы міндеттемені негізгі құрылыс серіктестерімен жасалған үшжақты келісім арқылы бекітті. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен, нақты көлемі мен мерзімі келісілген тәртіппен жүзеге асырылады.