KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, СБ
512.44 593.15 6.52

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында ашықтық пен нақты талаптар қажет – сенаторлар (видео)

16.05.2025, 15:00 1 169 Айна Бакимбаева

Соңғы Үкімет отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) саласындағы жүйелі кемшіліктерге назар аударып, бұл бағытта түбегейлі өзгерістер қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысына арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары өңірдегі ахуалмен танысып, облыстық әкімдікте өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Жиын барысында МЖӘ жобаларын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер мен оларды жетілдіру жолдары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінде облыста жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайтын 47 МЖӘ жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қолайлы жағдай жасалғанымен, белгілі бір қиындықтар әлі де бар.

— Ең алдымен, бұл — жер мәселесі және рұқсат беру құжаттарын алу барысында туындайтын кедергілер. Мұндай түйткілдерді шешу үшін заңнамаға нақты өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі кездесудегі басты мақсат — МЖӘ тетіктерін жетілдіру, заңнамалық базаны жаңарту және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту. Осы бағытта сіздердің ұсыныстарыңыз бен қолдауларыңыз қажет, — деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Заңнамалық базаның әлсіздігі – басты кедергі

Сенат депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, МЖӘ тетіктерінің толық іске аспауына негізгі себеп – нормативтік-құқықтық базаның жеткіліксіздігі.

— Қолданыстағы заң жобалары кәсіпкерлер үшін түсініксіз әрі икемсіз. Жобаларды іске асыруға кіріспес бұрын оларды терең зерделеу, тиімділігін бағалау және құқықтық олқылықтарды жою қажет. Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістерді енгізу кезінде әртүрлі деңгейдегі актілерге түзетулер қажет, — деді сенатор.

Қазіргі таңда республика бойынша 789 МЖӘ жобасының тек 14-і ғана ірі әрі стратегиялық сипатқа ие. Негізгі үлесі Алматы қаласы мен шекара бекеттері секілді ірі орталықтарда шоғырланған. Ал аймақтардағы жобалардың көбі әлеуметтік салаға, атап айтқанда мектеп асханалары мен балабақша құрылысына бағытталған.

— Бұл үрдіс МЖӘ жобаларының әлеуметтік салаға бет бұрғанын білдіреді. Дегенмен, жобалардың тиімділігі мен сапасына қатысты сын-ескертпелер көп, — деп атап өтті Бекболат Орынбеков.

2021–2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысында МЖӘ жобаларын қаржыландыру үшін 89 млрд теңге көлемінде лимит бекітілген. Алайда бұл жобалардың іске асу барысы мен тиімділігі әлі де сұрақ тудырады. Халықаралық қаржы институттарының қатысуы жоспарланғанымен, кәсіпкерлер үшін ашық әрі толық ақпараттың жетіспеуі олардың белсенділігіне кері әсер етуде.

— Кәсіпкерлер жобаларға қатысу үшін қандай критерийлерге сай болуға тиіс екенін нақты білмейді. Сол себепті, «ашық кітап» форматындағы бірыңғай ақпараттық реестр құру ұсынылуда. Бұл бизнес өкілдеріне жобамен алдын ала танысып, ерте кезеңде қатысуына жол ашады, — деді сенатор.

Шығыс Қазақстан – әлеуеті жоғары өңір

Шығыс Қазақстан МЖӘ дамытуға қолайлы өңірлердің бірі саналады. Ресей және Қытаймен шекаралас орналасуы, туризм, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы мүмкіндіктер бұл бағыттағы жобаларды кеңейтуге жол ашады. Бүгінде ШҚО республика бойынша МЖӘ жобалары саны жағынан үшінші орында тұр.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар МЖӘ тетіктерін жетілдіру, заңнаманы оңтайландыру және бизнес-пен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Жақын арада тиісті министрліктер мен өңірлік өкілдердің қатысуымен сараптамалық жиындар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, нақты ұсыныстар Үкіметке жолданатын болады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу