KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, СБ
512.44 593.15 6.52

ШҚО: Шалқар көлінде жазғы туристік маусым ашылды (видео)

17.05.2025, 16:50 1 892 Жанаргүл Көкенайқызы

Шығыс Қазақстандағы ең көрікті демалыс орындарының бірі – Шалқар көлінде жазғы туристік маусым ресми түрде ашылды. Сенбі күні өткен ашылу салтанаты мерекелік концертпен басталып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралармен жалғасты.

Туристер мен демалушылар үшін бұл күн ерекше көңілді өтті. Қалба жоталарының баурайында орналасқан Шалқар көлінің маңында садақ ату, түйеге және атқа міну, қолөнер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар ұсынылған этноауыл алаңқайы жұмыс істеді. Табиғат аясында өткен шарада тұрғындар таза ауада тынығып, көл жағасында серуендеп, ерекше әсер алды.

– Қазіргі таңда Ұлан ауданында ресми тіркелген 21 демалыс базасы бар. Туристік маусым басталар алдында барлық демалыс орындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ең бастысы – келушілерге сапалы қызмет көрсетіліп, тазалық пен қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек, – деді Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов.

Аудан аумағындағы туристік нысандардың жалпы сыйымдылығы – 2349 төсек-орын. 2023 жылы мұнда 15 600 адам келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20 774 адамға жеткен. Олардың қатарында 100-ден астам шетелдік қонақ та бар.

Облыстық туризм басқармасы ұсынған дерекке сәйкес, былтыр ШҚО-ға келген туристер саны 430 мың адамға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан. Қазіргі таңда облыста 368 туристік нысан жұмыс істейді. Аймақта туристерге арналған 20 500 орын бар. Бұл көрсеткіш бойынша ШҚО республикада үшінші орында. 2023 жылы өңірдің туризм саласына 15 млрд теңге инвестиция тартылған.

Маусымның ашылу шарасы аясында демалушылар Қоржынкөл көліне экскурсия жасап, «TOR ALTAI» базасындағы «Өмір жолы» бағытымен тауға көтерілді. Ғалым Борис Щербаковпен кездесіп, «Аблайкит» археологиялық кешені туралы қызықты деректерге қанықты. Кейін олар тарихи орын – әйгілі «Аблайкит» ғибадатханасына барып, тас қорғандардың бүгінге жеткен бөлігін көзбен көрді.

Кеш бата Шалқар жағалауында ашық аспан астында би кеші ұйымдастырылып, мерекелік күн шаттыққа толы түнмен аяқталады. Жазғы демалыстың алғашқы күні демалушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.

Фото-видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу