KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, В
508.91 594.36 6.33

ШҚО: Марқакөлде салықтық сауаттылықты арттыруға арналған семинар өтті

22.05.2025, 18:30 338 Гульжан Мусина

2025 жылғы 22 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Марқакөл ауылында ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық заңнамасын түсіндіру мақсатында көшпелі семинар өткізді. Іс-шараға құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинарды департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш ашып, аталған шараның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, семинардың негізгі мақсаты – халықтың салықтық сауаттылығын арттыру, әділ салық салуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың үлесін азайту.

Марқакөл ауданы – Қазақстан Республикасының шекаралық аудандарының бірі. Өңір мыс өндірумен қатар, туризм мен мал шаруашылығына маманданған ауыл шаруашылық аймағы болып саналады.

Туризм – аудан дамуының маңызды бағыттарының бірі. Бұл салада көлік инфрақұрылымын дамыту, туристік өнімдер әзірлеу және, соның ішінде, Марқакөл көліне апаратын жолдар бойындағы жұмсақ инфрақұрылымды жетілдіру шаралары қолға алынған.

Аудан аумағы 11 мың шаршы шақырымды құрайды. Онда 22 елді мекен орналасқан. Бүгінде ауданда 612 бизнес субъектісі тіркелген, олардың 105-і – заңды тұлға, 507-сі – жеке кәсіпкер.

Аудан көлемінде демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және басқа да қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. 363 бақылау-касса аппараты тіркелген. Сонымен қатар, 14 кәсіпкерлік нысан алкоголь өнімдерін сату қызметімен айналысады және тиісті лицензияларға ие.

Семинар барысында департамент өкілдері келесі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді: салық органдарында тіркеу тәртібі, бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды пайдалану, кірістер мен жалдамалы қызметкерлер туралы мәліметтерді салық есептілігінде көрсету ерекшеліктері, сондай-ақ туризм саласындағы салық салу тәртібі.

Сонымен қатар, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу, алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада сату үшін лицензия алу ережелері түсіндірілді.

Қатысушыларға жалпыға бірдей декларациялау, мобильді аударымдарды салықтық есепке енгізу туралы ақпарат беріліп, «Чекті талап ет – жүлде ұтып ал», «Бәйге» акциялары мен «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының шарттары таныстырылды.

Семинар соңында департамент, құқық қорғау және уәкілетті органдардың мамандары аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Қатысушыларға салық салуға қатысты жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратылды.

ШҚО бойынша МКД баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу