KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 4 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Жазғы лагерьлерде қауіпсіздік күні: балалар өрт сөндіріп, алғашқы көмек көрсетуді үйреніп жатыр

25.06.2025, 12:30 246 Гульжан Мусина

Жаз мезгілінде еліміздің түрлі өңірлерінде балалар лагерьлерінде қауіпсіздікке бағытталған үлкен оқыту шаралары өтуде. Бұл бастаманы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қолға алып отыр. Мақсат – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін үйрету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Абай облысында «Радуга» сауықтыру лагерінде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары полиция мен прокуратура қызметкерлерімен бірге профилактикалық сабақ өткізді. Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, төтенше жағдай туындаған кезде өзін қалай ұстау керектігі үйретілді. Оқу ойындары мен интерактивті әңгімелер арқылы балалар бұл ақпаратты оңай әрі қызыға қабылдады.

Шығыс Қазақстан облысында Апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары мен дәрігерлері лагерь тәрбиеленушілеріне арнайы шеберлік сабақтарын өткізді. Балалар кедергілерден өтіп үйренді, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін меңгерді, тіпті шартты өртті сөндіруге қатысты. Сабақ барысында ерекше әсер қалдырғаны – құтқарушы лабрадор Хиттің қатысуы. Кинологтар көрсетілімін балалар ұмытылмас оқиға ретінде қабылдады.

Павлодар облысында, «Балдәурен» лагерінде қауіпсіздік күні өтті. Бұл күні балалар дәріс тыңдап қана қоймай, Қызыл Жарты Ай мамандарынан алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді. Іс-шара соңында балаларға өрт сөндіру техникалары көрсетіліп, автоцистернадан шашылған су олар үшін нағыз мерекеге айналды.

Тараз қаласында №26 мектепте ашық есік күні ұйымдастырылды. Оқушылар құтқарушы мамандығы туралы көп мағлұмат алды. Заманауи техника мен арнайы жабдықтар таныстырылды. Өрт сөндіру шлангыларымен өткізілген тәжірибелік көрсетілім оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары мұндай шараларды жаз бойы еліміздің барлық өңірінде жалғастырады. Себебі, балаларға қауіпсіздіктің негізін үйрету – олардың өміріне, денсаулығына және болашағына бағытталған ең маңызды инвестициялардың бірі.

Фото: ҚР ТЖМ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу