ШҚО көктемгі егіс науқанына 6 миллиард теңгеден астам субсидия алды
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында көктемгі егіс науқанына мемлекеттік қолдау көрсетілді, өңір шаруаларына 6,1 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Оның ішінде 2 миллиард теңге Үкімет резервінен қарастырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО-ның ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиевтің мәлімдеуінше, 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарының басты элементтерінің бірі – егіс науқанының тиімділігін арттырып, шығындарын төмендетуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары болды.
Жалпы бөлінген 6,1 миллиард теңгенің ішінен 1 млрд 121 млн теңге – тұқым шаруашылығын қолдауға (100% игерілді); 3 млрд 651 млн теңге – минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға (100% игерілді); 1 млрд 301 млн теңге – пестицидтердің құнын арзандатуға (701 млн теңге немесе 39% игерілді); 16 млн теңге – суармалы суды жеткізуге кеткен шығындарды өтеуге бағытталған.
Субсидияның 2 миллиард теңгесі Үкімет резервінен бөлінгенін айта кеткен жөн, бұл көктемгі егіс жұмыстарының ел көлемінде маңыздылығын көрсетеді.
Сондай-ақ «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру жалғасуда. 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы маусымға дейінгі аралықта 102 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 7,4 миллиард теңге несие беріліп, 152,2 мың гектар егістік жер қамтылған. Сонымен қатар осы бағдарлама бойынша «Ертіс» ӘКК арқылы алты өтінім бойынша 8,3 миллиард теңге несие берілді.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру. «КазАгроФинанс» АҚ ШҚОФ деректері бойынша, 2025 жылы 11,5 миллиард теңгеге техника мен жабдық лизингі жоспарланған. Қазіргі кезде 3,6 миллиард теңге игеріліп, көктемгі дала жұмыстарына арналған 227 техника бірлігі сатып алынған.
Дамир Мамиевтің айтуынша, үйлестірілген қолдаудың арқасында өңір диқандары көктемгі егіс науқанын белгіленген мерзімде, агротехникалық талаптарға сәйкес аяқтап жатыр. Оның айтуынша, қаржыландырудың икемді құралдары, техникаға қолжетімділік пен жедел қаржы игеру мүмкіндігі аграршыларға маусымның қиындықтарына қарамастан тұрақты жұмыс істеуге жағдай жасауда.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова