ШҚО-да найзағай, бұршақ пен күшті жел күтіледі
Шығыс Қазақстанда дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» ШҚ филиалының хабарлауынша, 7 тамыз түнде облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында найзағай ойнап, таңертең кей аймақтарда тұман түседі. Ал күндіз шығыста найзағаймен қатар бұршақ жаууы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– "Желдің бағыты – солтүстік-батыстан және солтүстіктен, екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Мұндай жел түнде батыс, солтүстік, шығыс бөліктерде, ал күндіз шығыс пен оңтүстікте соғуы ықтимал," – делінген синоптиктер хабарламасында.
Өскеменде де ауа райы құбылып тұр. Қалада түнгі уақытта найзағай ойнап, желдің екпіні 15-18 м/с-қа жетуі мүмкін.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін ескертеді:
- Найзағай кезінде үйде болған дұрыс. Терезе мен есікті, түтіндік саңылауларын жауып, электр құралдарын тоқтан ажыратыңыз.
- Ашық алаңда металл заттардан, қоршаулардан, шатырлар мен электр өткізгіштерден аулақ болыңыз.
- Күшті жел кезінде сымдарға, ілулі тұрған заттарға жақындамаңыз. Ағаштардың астына, аялдама арттарына тығылмаңыз.
- Кез келген төтенше жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалуға болады.
Оқи отырыңыз