Кеңсе менеджерінен қарағанда мүсіншінің жұмысы әлдеқайда қызықты - Мейрам Баймуханов
Мейрам Баймуханов - өмірдегі ақиқатты өнермен тінтумен келеді. Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген қандасымыз, бейнелеу өнерінде өзіндік мәнерімен танымал. Санкт-Петербург шаһарынан Семейге ат басын тіреген шеберді әңгімеге тартып, замануи мүсіннің ахуалына қанықтық.
Өнерге деген махаббат - қаннан дарыған
Сұхбатты бастамас бұрын «Мейрам Баймуханов кім?», - деген сауалға жауап берген жөн болар. Оның өмірге келмей тұрып болашақ мамандығы айқындалып қойған-ды. Әкесі Геймран Баймуханов, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетіндегі академиялық кескіндеме және сурет кафедрасының профессоры, Ресей суретшілер Одағының мүшесі, көршілес елдегі беделді кескіндемешілердің бірі. Мұны негізге алсақ, Мейрамның басқа саланы таңдауы мүмкін емес-ті. Ордалы отызға қарамастан, шебердің бағындырған белестері және ғылыми атағы мен регалилері аз емес. Ең негізгілерін жіпке тізсек, 2009 жылы Барнауылда өткен Сібірдің жас суретшілері IV—ші аймақаралық көрмесінің Гран-При лауреты, «Аз. Арт. Сібір - 2015» VII аймақаралық жастар көрмесінің «Мүсін» номинациясындағы Гран-При лауреаты, сондай-ақ 2010, 2012, 2013 және 2015 жылдары Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы бірқатар сәулет және мүсін ескерткіштерін қайта жаңғыртуға атсалысқан. Бұдан бөлек, көптеген аймақтық, аймақаралық, бүкілресейлік және халықаралық көрмелермен қатар конкурстердің экспоненті (қатысушысы). Ресей Федерациясының Суретшілер одағының мүшесі, Санкт-Петербург қаласы Суретшілер одағының мүшесі және жуырда ғана алған соңғы атағы - ҚР Көркем академиясының академигі. Десек те бұл айтылғанның барлығы, жас мүсіншіні оқырманға жақындыра түспесі анық. Естеріңізде болса, былтырғы жылдың соңында бауырлас Түркия мемлекетінде салмағы 500 тонна, биіктігі 70 метрді құрайтын «Көроғлыға» алып ескерткіш қойылған еді. Мүсінші Мұрат Мансұровтың авторлық жұмысын сомдауға міне осы Мейрам Баймухановта септесті. Өнер коллаборациясының жемісі, дүйім Түркі әлемін таң қалдырды. Ал жас шебер мұндай көлемдегі монументалды жобадан таптырмас тәжірибе жинақтап қайтты. Енді сөзді тартып, риясыз әңгімеге кезек берейік.
Бейнелеу өнеріне келуіме Рембрандт әсер етті
- Бейнелеу өнерімен алғаш танысқан сәтіңіз есіңізде ме?
- Кезінде әкем Рембрандт туралы бір кітапты оқуға берген еді. Негізінен суретшілер өз өмірлері жайлы тартымды жаза біледі. Басқа кәсіп иелері сынды таңнан кешке дейін бір орында жұмыс істеу суретшіге жат. Біздің кәсібіміз көңіл күйге байланысты. Осының барлығы сол кітапта жан-жақты көрсетілген. Міне содан бастап бұл салаға ден қойдым. Әлі күнге дейін мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Кеңсе менеджерінен қарағанда мүсіншінің жұмысы әлдеқайда қызықты деп ойлаймын.
- Осы уақытқа дейін қолыңыздан қанша жұмыс шықты?
- Шыны керек санақ жүргізбеймін. Санкт-Петербургтің өзінде реставрациялық жұмыстар жетіп артылады. Институт қабырғасында 3-ші курстан бастап рельефті композицияларды сомдай бастадым. Мысалы кеуде мүсіншелері мүлдем есепке алынбайды. Ал ондай еңбектерім аз емес.
- Мүсіннің қандай түрі жаныңызға жақын?
- Түрлі бағытта жұмыс істеген ұнайды. Монументалды ескерткіштерден бастап, станокты мүсінге дейін. Бір кездері Қазақстанда бейнелеу өнерінің құлдырау кезеңі болды. Бұл теорияны мені жиі айтып келемін. Мысалы балбал тастарды алып қарайық. Өз дәуірінің мінсіз ескерткіштері. Олардың формалары кәсіби тұрғыда орындалған. Ал XX-шы ғасырдың басында социалистік реализм бағыты келді. Бірақта осы екі кезеңнің ортасында үлкен вакуум пайда болды. Міне осы сұрақ өзімді қатты ойландырады.
- Өзіңізді қандай бағыттың өкіліне жатқызасыз?
- Академиялық білім алғандықтан, дәстүрлі мектепке жақынмын. Әйтсе де жеке шығармашылықта басқа бір жанрда мүмкіндігімді көргім келеді. Адам өмір бойы ізденумен өтеді. Сондықтан да дара жолымды іздеумен келемін.
Қалыптасқан таптаурындарды бұзу қажет
- Әлем бір орында тұрмайтыны белгілі. Күн сайын сан алуан жаңалықтар ашылып жатады. Бүгінгінің адамын таң қалдыру оңай емес. Академиялық негізі бар суретші, дәстүрлі шеңберден шығып еркін көзқарасты білдіре ала ма?
- Сол шеңберден шығудың амалын өзімде іздеп жүрмін. Әрине абстрактілі туындыны жасағың-ақ келеді, бірақ ол үшін қалыптасқан таптаурындарды бұзу қажет. Расымен де бұл оңай іс емес. Академиялық бағыт пен авторлық шығармашылықты бірдей алып жүру керек деп ойлаймын. Міне сондай тұлға – шын шебер деген атаққа лайық.
- Мүсіншінің қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтсеңіз әрі ол адамзатқа қандай месседжді (хабарлама/жолдау) жеткізуі тиіс?
- Ол адамға байланысты. Бес саусақтың барлығы бірдей емес. Сол сияқты мүсіншілердің әрқайсысы қайталанбас тұлға. Біріне философиялық ұғымдар жақын, енді бірі қоғамды тәрбиелеуді көздейді, үшіншісі өзінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келеді. Мәселен идеологиялық ескерткіш, сіздің патриоттық сезіміңізді оятуы ықтимал. Авторлық жұмысқа қарап, қоғамдық мәселеге ой түюіңіз мүмкін. Сол секілді абстрактілі мүсін, мүлдем космологиялық бағытқа алып кетуі ғажап емес.
Қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыспен пара-пар
- Өнер адамы қоғамдық сананы қалыптастыра ала ма?
- Жоқ, ол – қоғамдық талғамды қалыптастырады дер едім. Ал талғам дегеніміз не? Ол мәдениет. Егерде адам сапасыз орындалған ескерткіштің қасынан өтсе, қандай сезімде болады? Оның мәдениеті арта түсе ме? Күні кеше семейлік мүсінші Нұрбол Қалиевпен осы Шығыстағы ауданның біріне барып қайттық. Сонда орнатылған монументалды жұмыстарды көріп шықтым. Арасында Нұрболдың жұмысында байқадым. Айырмашылықтары жер мен көктей. Кейбір мүсіндерден төбе шашым тік тұрғаны рас. Мұндай туындылардан адамның дүниетанымы кеңейе түспейтіні хақ. Түсінесіз бе, қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қылмыспен пара-пар. Адамдар мұражайларға не үшін барады? Эмоция алғысы келеді. Рухани кемелдікке ұмтылады. Ал балабақшаның деңгейіндегі жұмыстардан қандай ләззат алуға болады?!
- Технологиялық жетістіктер бейнелеу өнерін алмастыру мүмкін бе?
- Фотоаппарат ойлап табылғанда кескіндеме жойылып кеткен жоқ қой. Портретке тапсырыс беретіндер қалды. Әрине әсерін тигізді және әлі де тигізуі мүмкін. Атап айтсақ, 3D технология керемет өнертабысы. Оның көмегімен кез келген мүсіннің бөліктерін басып шығаруға болады. Десе де негізгі форманы жасау үлгісі сол күйінде қала береді. Бұдан дәстүрлі өнер ұтпаса да ұтылмасы анық.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз?
- Нұрболмен бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асырмақ ниеттеміз. Содан кейін Түркияда аяқтайтын жұмыстар кезекте тұр. Санкт-Петербургке оралу керек. Омбы қаласында бір суретшіге ескерткіш орнату көзделіп отыр. Бұдан бөлек Тель-Авивтің муниципалитетімен бірнеше жылға келісімшарт жасалған. Соған кірісу керек.
- Әңгімеңізге рақмет!
Мейрам Баймухановтың Семейге келуіне Нұрбол Қалиев мұрындық болғанын айта кеткен орынды. Қазір өнер иелері бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Қуантарлығы, шеберлердің қатарын тағы бір дарынды мүсінші алматылық Самат Салиевте толықтырған. Анықталғандай, шығармашылық тандем қаладағы мұражайлардың біріне Абайдың мүсінін және Қарауылға Тоқтамыс батырдың монументалды ескерткішін қоюды көздемек.
P.S. Осылайша, Семей орта ғасырдағы Флоренцияның кейіпіне енгендей әсер қалдырады. Италияның көне шаһары Еуропадағы Ренессанс(Қайта өрлеу) кезеңінің орталығы болғаны тарихтан мәлім. Бүгінгі өтпелі кезеңде Семей, озық ойлы интеллегенттердің шоғырланған ордасына айналып келеді. Демек, алдағы уақытта «Қазақ кватрочентосының» куәгері болуымыз әбден мүмкін. Бұған өнер авангардистерінің Шығыста бас қосуы дәлел емей немене?