KZ
Өскемен
-14°
небольшая облачность жел 1,1 м/с, ОШ
498.55 524.28 4.75

Ас беру мәдениеті. Ақсақалдар Өскемен өңірі халқына арнап үндеу жолдады

28.12.2020, 16:59 231

«Ислам мәдениеті және XXI ғасырдағы ұлттық дәстүр» атты Өскемен аймағы ақсақалдарының төртінші форумы болды. Зиялы қауым пандемиядан кейін тоқтаған шешімдерін айтып, оны орындауға шақырды. «Соңғы кезде біреу қайтыс болды десе марқұмның мекен жайын емес, қонақ асын қай жерде өткізетінін сұрайтын болдық», «Кейбір әкімдердің халықтың ақшасына істеліп жатқан болмашы істерін жарнамалауы күлкі туғызады», «Марапаттарын мадақтау, жаңа киімін жарнамалау, туған күндерімен құттықтау – ұлттың құлдырауы», – деп, көңілді күпті ететін кейбір жәйттердің басын ашып, талқыға салды.


– Осы форумда «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» сынды бірқатар құжат қабылданды. Әртүрлі шаруаларға кететін шығын жетім-жесірлерге көмектесу, баспана алып беру сынды игілікті, сауапты істерге жұмсалса деген мақсат қойып отырмыз. Шариғат талаптарында марқұмға үлкен ас беру, зәулім ескерткіш, зират тұрғызу міндетті емес деп көрсетілген. Қазіргі таңда ас беру мәдениетін қалыптастыра отырып, ұлттық дәстүрді бұрынғы қалпында, негзгі болмысымен сақтау маңызға ие және халықтан қолдау табатын мәселе деп ойлаймыз, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы.


– Бұрын да құдайы ас берілген, ол ата дәстүрінің діни рәсімдерімен өткізілген. Бірақ қазіргідей дастархан жарысына айналдырмаған. Енді «Мақтағанға паңданба, үйреткенге шамданба» демекші, сынған әйнекті құрағандай күш жұмсап үлкен жұмыс атқармасақ, бүгінде дәстүрге айналған дастархан жарысын тоқтату оңай шаруа емес. Оны қойып ас қадірін кетіргеннен бұрын, бас қадірін кетірдік. Соңғы кезде біреу қайтыс болды десе марқұмның мекен жайын емес, қонақ асын қай жерде өткізетінін сұрайды. Дастархан жаймаса көңіл айтып қайғысына ортақтаспауға жеткенбіз. Бірақ індет көп нәрсеге басқаша қарауға үйретті. Біз зират басынан қатым шығарып, дастарханға келмеуді үйрендік. Басқа да өзгерістер енгізуіне болатынана көзіміз жетті. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кіргізген өзгерістері ұлтымызды жаңа дәстүрлерге көшірудің кепілі екені сөзсіз, – деді республиканың мәдениет қайраткері Нәбиолла Кемешев.


Ақсақалдардың айуынша, зираттарды қоршау – сауапты іс болғанымен, өте қиын жұмыс. «Біз Марқакөлдің барлық зиратын қоршаттық. Сағыр ауылындағы зиратты осыдан екі жыл бұрын қоршап, биыл қайта сырладық. Бұл сияқты зиратты қоршау жұмысы енді мүлде атқарылмайды деген сөз емес», деді Нәбиолла Кемешов.


– Британияның әйгілі тарихшысы Арнольд Тойнби «Тарихты зерттеу» атты еңбегінде «Бір мемлекеттің, тіпті бір ұлттың құрдымға кетуі, жойылуы өз ішінен басталады. Сыртқы күш құрып-бітудің алдында тұрған кездегі ең соңғы соққыны береді» деп жазған. Біздің бұл ібілістік құбылысқа қарсы тұрар әрекетіміз – халықтың жаңа болмысын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыру. Оның мәні неде? Оның мәні – сананы жаңғырту, ойлау жүйесін өзгерту. Өйткені біз қазір өте ұсақталып кеттік. Әлеуметтік желіні қарасаңыз, әйтеу лайк жинау үшін «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пікірлерден көз сүрінеді. Марапаттарын мадақтау, жаңа киімін жарнамалау, туған күндерімен құттықтау, тіпті кейбір әкімдердің күлкі туғызатын халықтың ақшасына істеліп жатқан болмашы істерін жарнамалауын – ұлт болмысының дағдарысқа ұшырауы (деградация), ұлт сапасының құлдырауы деп бағалаймын. Әрине сонау 90 жылдардағы заманның салдарынан әсіреқызылға еліктеген кездер сияқты бұдан да өтерміз, өтуіміз керек. Ғалым Мекемтас Мырзахметов айтқандай, бұзылған, бүлінген ұрпақпыз. Сондықтан жұмыстың негізгі бағыты – жастарға қарай бағыттайық. Әрине, біз ұзақ жылдар, тіпті ғасыр бойы кез-келген істі жоғарыдан айтылса ғана орындауға жұмылған елміз. Қазір де солаймыз. Бірақ бүгіндері өз ойларын ашық айтатын, айтып қана қоймай соны іске асыруды өз қолдарына алып, төңкеріп тастамаса да қыруар игі істер тындырып жатқан жастар жағы өсіп келеді. Біздің арқа сүйерлеріміз міне солар болуы керек деп ойлаймыз, – деді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Манарбек Мұхамеджанов.


Ақсақалдар Өскемен өңірі халқына арнап үндеу жолдады:


1. «Зират және зират мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжаттарында белгіленген талап өтініштерді орындай отырып, руханият шеңберінен шықпай халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге;

2. Ас беру және зиратты зиярат ету рәсімдерінде халқымыздың салтында бекітілген шариғат талаптарын сақтауға;

3. Ас беруде және марқұмның зиратын тұрғызуда ысырапшылдыққа жол бермеуге;

4. Сапалы әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында білім мен ғылым жолындағы шәкірттерге, құран курстарына, ағайын-туыстың қиналған уақытында жәрдемдесуге және халыққа пайдалы ғимараттар салуға шақырамыз!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу