Өскеменде су добынан ел чемпионаты өтуде (видео)
Өскеменде 23-27 қараша күндері Орталық бассейнде 2010 жылғы және одан кіші жастағы жасөспірім қыздар арасында су полосынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Чемпионат медальдарын Жамбыл, Алматы, Астана, Өскемен, Абай облыстарынан келген командалар өзара сарапқа салуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бес ойын күні ішінде әр команда барлық қарсыластарымен кезек-кезек кездесулер өткізеді. Биылғы ел чемпионатында 70 спортшы өнер көрсетуде. Қазіргі уақытта ойынның I, II кезеңі өтіп жатыр. Алда әлі III, IV кезеңдері бар. Өткен кезеңдердің қорытындысы негізінде, финалдық V кезеңде, жеңімпаз команда анықталады.
Евгений Сизинцевтің айтуынша, жалпы, су добы спорты қатысушыларынан шапшаңдықпен жедел әрекет етуді талап ететін ойын спорты. Сондықтан бұл спортта дене белсенділігімен қоса, тез ойлана білген жөн.
Биылғы жарысқа қатысушы өңірлік командалардың әрқайсысы намысқа тырысып, жеңісті қолдан бермеуге талпынуда. Мәселен, астаналық қыздар Елордаға «Ел чемпионы» атағымен оралатындарына сенімді.
Десе де, төрешілер тарапы әп-сәтте, таразы басы теңесіп, не болмаса, ойын алаңында басқа да күтпеген жайттар орын алуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан да чемпионат төрешісі Баржан Нурсеитов, не болатынын алдын ала болжап, қорытынды жасауға әлі ерте екенін алға тартты.
Сонымен, су полосы ойыншылары ойын алаңында шапшаң қозғалады, допты иемдену үшін түрлі маневрлер жасайды және оны қарсылас команданың қақпасына енгізуге тырысады. Додалы бәсеке кезіндегі су астындағы тартыстар, физикалық жанасулар мен жылдам ойнау кезінде басқалармен соқтығысу қаупіне байланысты, жарақат алу және жазатайым оқиғалардың ықтималдылығы жоғары. Сол себепті, медициналық қызметкерлер ойынның басы-қасында жүріп, кезекшілік атқаруда. ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Медициналық дене шынықтыру диспансері» КММ-нің бас медбикесі Любовь Калининаның айтуынша, осыған дейін ойыншылардың жарақат алып, не болмаса, өздерін жайсыз сезінген бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.
Атап өтелік, 27 қараша күні, яғни соңғы ойын күнінде, еліміздің ең мықты командалары финалдық матчтарды өткізіп, биылғы ел чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болады.
Арайлым Нығметоллақызы
Фото: Нелли Петенева