KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Тұрғын үйлер жөнделіп, жаңа нысандар салынып жатыр

11.07.2024, 20:07 100 ALTAINEWS

Қаңырап тұрған ғимараттар мен бұзылған үйлерді, олардың орнында қалған үйінді топырақ пен күл-қоқысты көріп, ауылдың келешегінен күдер үзген катонқарағайлық тұрғындар енді алдағы өмірін тек жаңарған, жасарған елді мекенімен байланыстырып отыр. Аудан орталығы бұрынғы қарашаңырағына оралуымен үлен жобалар қолға алынып, олардың алды іске асырыла бастады.

Солардың алдыңғысы сметалық құны 5 миллиард теңгеден асатын ауызсу және жылу құбырларын тарту жұмыстары болса, олар былтырғы жаздан бері жүргізіліп жатыр. Биылғы көктемнен бастап аудан орталығында тұрғын үйлерді жөндеп қалыпқа келтіру, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған жаңа үйлер салу жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұндағы қуанарлық жағдай, ауылдың ортасындағы есік-терезелері үңірейіп, елді мекеннің сәнін кетіріп тұрған қос қабатты, көппәтерлі үйлердің инвестрлер арқылы қайтадан жаңартылуы дер едік.

   - Әрқайсы 12 пәтерден болатын қос қабатты үш үйді күрделі жөндеуден өткізумен айналысып жатырмыз. Көп уақыттан бері иен қалып, әбден тозып кеткен ғимараттарды құрылыс қалдықтарынан тазартып, шатырларын жауып, ішкі бөліктерін жаңа жобамен қалап, сыртын сылау көп күш-жігерді қажет етті. Қанша қиын жұмыс болса да кестеден қалмай еңбек етіп келеміз, – дейді құрылысшылар бригадирі Наурызбек Даулетов.

Үш бригадаға бөлініп еңбек етіп жатқан құрылысшылардың қарқыны қатты. Олардың дені өзбек ағайындар. Биыл бірінші рет біздің ауданға жалдамалы құрылысшылар болып келген бұлар Түркістан, Қарқаралы, Көкшетау сияқты қалаларда небір үлкен ғимараттар салған кәсіби мамандар. Баһадур Умаров, Бағыбек Хурязов Хайролла Атажанов, Зайырбек Шарипов сияқты бесаспап мамандар бастаған жігіттер таң бозынан тұрып, қараңғылық әбден түскенше құрылыс орнынан кетпейді. Олар 800 шаршы метр тұратын қос қабатты үш үйді тамыз  айында, толықтай дайын күйінде пайдалануға тапсырып тағы бір үйдің жөндеу жұмыстарын қолға алмақ.

Өзінің жекеменшік техникасымен құрылысшылардың сұранысы бойынша еңбек етіп жүрген катонқарағайлық Кеңесхан Күйекпаев өзбек ағайындардың еңбегіне жоғары баға беріп, риза болып отыр.

Катонқарағай ауылында жаңа  ғимараттар салумен, иен тұрған ескі үйлердің пайдалануға жарамдыларын жөндеумен, су, жылу жүйелерін тартумен, құмблок сияқты құрылыс материалдарын шығарумен айналысып жүрген құрлысшылармен, кәсіпкерлермен болған әңгімеде олар кейбір жайттарды тілге тиек етті. Бүгінгі таңда олардың жұмысына үлкен кедергі болып отырған мәселенің бірі - Катонқарағай өңірінде қиыршық тас,  құм мен сары топырақ алатын орындардың  жоқтығы. Нақтысын айтқанда өңірде құрылысқа қажетті ондай материалдардың бай қоры болғанмен оларды алатын орындардың заң жүзінде ашылмағандығы. Сол себепті құрылысшылар үйлердің іргетасын құятын, сылақ жұмыстарын жүргізетін, су мен жылу жүйелеріне төсейтін табиғи құрылыс материалдарын Үлкен Нарын ауданының аумағынан тасымалдап әкелуге мәжбүр. Бұл әрине артық уақыт, артық шығын. Болашақта осы мәселенің түйінін шешіп берсе дейді құрылысшылар.

Жәнібек Қызыр

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив