МӘМС: қандай жағдайларда жеке кәсіпкер жарна төлемейді?
Соңғы кездері жеке кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қанша жарна төлеуге тиіспін деген сұрақтар жиі түсетін болды. Біз кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының облыстық филиалына жолдап, мамандардан түсіндіріп берулерін өтінген едік.
- 2024 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жеке кәсіпкер жарна ретінде қанша төлеуі қажет?
- Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар өзге де әлеуметтік аударымдармен қатар МӘМС-ке белгіленген жарналарды төлейді. Жарна мөлшері ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын құрайды, яғни 5% * (85 000 * 1,4) = 5 950 теңге. Сонымен, 2024 жылы төленетін жарнаның мөлшері – 5950 теңге.
- Жеке кәсіпкер МӘМС жүйесіне жұмыс беруші ретінде қалай төлейді?
- Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлері болса, онда олар үшін төлемдерді келесідей мөлшерлерде аударуға тиіс:
- жұмыс берушінің есебінен қызметкерлердің жалақысының 3% мөлшерінде аударым аударады, бірақ ол 2024 жылғы 10 ЕТЖ-ның үш пайызы - 25 500 теңгеден аспауы керек. (10 ЕТЖ- 850 000 теңге, оның үш пайызы – 25 500)
- қызметкердің табысы есебінен жалақысының 2% мөлшерінде жарна аударады, бірақ ол 2024 жылғы 10 ЕТЖ-ның екі пайызы -17 000 теңгеден аспауы керек. (10 ЕТЖ- 850 000 теңге, оның екі пайызы – 17 000)
Төлемді МӘМС-ке банктің кез келген бөлімшесі немесе мобильді қосымшасы, «Қазпошта» АҚ кассасы арқылы аударуға болады. Төлем мақсаттық коды (ТМК): аударымдар – 121, жарналар – 122.
- Жеке кәсіпкер бір мезгілде әрі жалдамалы қызметкер болса, ол МӘМС-ке жарна төлей ме?
- Иә, бұл норма «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарында көрсетілген. Яғни ол ЖК ретінде (5 950 теңге), сонымен қатар жалдамалы қызметкер ретіндегі жалақысының 2%-ы мөлшерінде жарна төлейді.
Салық заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкер ретінде жұмысы тоқтатылғаны немесе жұмыс істемейтіндігі туралы ресми қаулы болса ғана ЖК ретінде жарна төлеуден босатылады.
- Егер мүгедектігі бар болса, жеке кәсіпкер МӘМС-ке жарна төлеуі қажет пе?
- Жоқ, өйткені ол жеңілдетілген санатқа енеді. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағы, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көп балалы аналар; мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, магистратурада күндізгі білім алушылар ЖК жарналарын төлемейді.
- Декреттегі жеке кәсіпкер әйелдің МӘМС үшін жарна төлеуі қажет пе?
- «МӘМС туралы» Заңның 26-бабында мемлекет жарна төлейтін, жеңілдетілген 15 санат айқындалған. Олардың қатарында үш жасқа дейінгі баланы/балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі) бар. Алайда аталған бапқа сәйкес, кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адамдар ғана жұмыс істемейтіндер болып саналады. Демек қызметі ресми түрде тоқтатылмаған және жұмыс істеп тұрған ЖК бар декреттегі әйел жеңілдікті санатқа енбейді. Сондықтан ол МӘМС-ке жарна төлеуі тиіс. Егер декреттегі әйел
кәсіпкерлік қызметті ресми түрде жапса немесе тоқтата тұрса, бұл оған жеңілдік санатына енуге мүмкіндік береді.
- Жүкті әйел бала тууына байланысты төлем алу үшін ЖК ашты. Неліктен ол МӘМС жүйесіндегі жеңілдетілген санаттағы мәртебесінен айырылып қалды?
- Жұмыссыз әйел жүктілік бойынша есепке тұру кезінде «жұмыс істемейтін жүкті әйел» санаты бойынша жеңілдікке ие болады. Ол үшін жарналарды мемлекет төлейді және автоматты түрде сақтандырылады. Алайда, әйел ЖК тіркеген жағдайда, сол сәттен бастап ресми түрде кәсіпкерлік қызметті бастаған болып саналады да, «жұмыс істемейтін азаматтар» санатынан шығарылады. Сол себепті ол жеңілдік мәртебесінен айырылады.
- Жеке кәсіпкердің жұмысы жүрмей тұр, ешқандай кірісі жоқ делік. Соған қарамастан ол жарна төлеуге тиіс пе?
- Иә, төлеуге тиіс. Өйткені МӘМС жүйесіне жарна төлеуден салық есептілігін ұсынуды тоқтатқан немесе ҚР салық заңнамасына сәйкес жұмыс істемейді деп танылған ЖК ғана босатылған.
- Жеке кәсіпкер жарнаны есептік айдан кейін төлей ала ма?
- Жарналарды ай сайын да, алдағы кезең үшін де алдын-ала төлеуге болады. Егер кешіктіріп төлесе, онда берешек пайда болады және жеке кәсіпкер МӘМС жүйесіндегі мәртебесін жоғалтады. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер органдары төлемді кешіктіргені үшін өсімпұл есептейді.
Төлем кезінде аты-жөнін, ЖСН, төлем сомасын қатесіз көрсету маңызды, әйтпесе жарналар кері қайтарылуы мүмкін. Екі-үш жұмыс күні ішінде қаражаттың кері қайтқан-қайтпағанын тексеріп тұрған абзал.
- Егер жеке клиникаларға жүгінетін болса, ЖК МӘМС жарналарын төлемеуіне бола ма?
- Заң жеке кәсіпкерлерді бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдермен қатар МӘМС жарналарын төлеуге міндеттейді. Сондықтан жарналарды төлеуден бас тартуға болмайды.
МӘМС жүйесі жеке клиникаларда да қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін еске сала кетейік. Сонымен қатар, қазір мемлекеттік емханаларда медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай жақсарды. Көрсеткіштер болған жағдайда МӘМС бойынша бейінді мамандардың кеңесі, талдаулар, консультациялық-диагностикалық қызмет, жоспарлы емдеуге жатқызу қарастырылған. Бұл ретте алатын медициналық қызметтердің көлемі мен құнында шектеулер жоқ.
- Азамат жеке кәсібін жапса, МӘМС жарналарын төлеуді тоқтата ма?
- Егер жеке кәсіпкердің қызметі толығымен тоқтатылса, онда азамат ЖК ретінде жарналарды төлемейді. Бірақ МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін ол жарналарды дербес төлеуші ретінде төлей алады (2024 жылы ай сайын 4 250 теңгеден). Егер ол жалдамалы қызметкер болса, онда оның жұмыс берушісі жарналарды жалақының 2% мөлшерінде аударады.