Даты да, аты да, хаты да тарихта қалады
Талайдан бері күзгі жаңбырға қосылып құлазыған төр Алтай кеше ғана қаһарына қайта мінгендей болды. Шыңылтыр аяздың шеті білінгенде Шығыстың бас шаһары да бойын тіктеп, жер тынысымен жеткен дүмпуді сезген сәйгүліктей кербездене қалған. Сезсе, сезгендей... Сол кеш, шынымен, дүбірге толы еді. Айтпағымыз, облыс орталығында айтыс өнерінің дарабоз дүлдүлі Серік Құсанбаевтың «Ақиқатпен айшықталған 60» атты мерейтой-кеші өтті.
Осыдан бір күн бұрын ақтаңгер ақынмен облыс әкімі жеке кездесіп, ілтипат танытқан екен. Ал бұл кеште өңір басшысының лебізін қала әкімі жеткізді.
Кеш тізгіні белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаевтың қолында еді. Бүкіл өмірі өңір руханиятымен астасып келе жатқан қаламгер сахнада семсер тілді «солақай серінің» шығармашылық қырын әбден тарқатып айтты. Өткенге бойлап, өнегелі естеліктерін сөзге арқау етті.
Серік Құсанбаев – Алтайда туып Баянауылда түлеген, Арқа мен Алатау жұртын баурап, дүйім алаштың ықыласына бөленген ақын. Бұған кеш аясында тағы бір мәрте көзіміз жетті. Астана мен Алматы шаһарларынан, Жетісу өлкесінен ақынның қатар ұшқан қанаттастары, соңынан ерген кіші буын өкілдері келіп, жырдан шашу шашты. Айтақын Бұлғақов пен Құдайберлі Мырзабеков сахнада сөз қағысып, айтыстың алдияр көрерменіне айналған қарттардың көңілін бір толқытты. Ал Балғанбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақовтар көркем айтыспен көпшіліктің көзайымына айналды. Осы тұста елордадан жеткен белгілі айтыскер Серік Қалиев те кеш иесіне сөз арнап, жыр төккен еді.
Төре өнердің додасына түсіп көргендер Серік ақынның әлі де алқынбай аламанға қосыла алатынын айтып, жоғары баға беріп жатады. Ал біз кейіпкеріміздің кейінгі жылдары қауырсын қаламды мықтап қолға алғанын білеміз. Нәтижеде бірқатар нығыз еңбек жарық көрді. Айтыскердің «атқан оқтай, шапқан аттай» сөздері қағаз бетінен өзгеше реңмен көрініс тауып жатқандай. «Алпыс – талтүс» деген сөз осындайда айтылса керек. Ел-жұрт енді Серік Құсанбаевтың том-кітабын күтеді. Сонда Секең даты да, аты да, хаты да тарихта қалған тұлға болмақ.