Жеңіл атлетикадан облыстық ашық чемпионат басталды – ШҚО (видео)
Өскеменде жеңіл атлетиканың классикалық түрінен оқушылар арасында облыстық чемпионат басталды.
Турнир мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы спорт кешенінде жеңіл атлетикадан Бердібек Сапарбаевті еске алуға арналған турнир басталды. Екі күнге созылатын облыстық ашық чемпионатқа жеті ауданнан екі жүзден астам жас спортшылар келген.
Чемпионатта спортшылар жеңіл атлетиканың классикалық түрінен бақ сынамақ. Жарыстың алғашқы күнінде ұлдар мен қыздар арасында 60 метр, 400 метр, 1500 метр қашықтыққа жүгіру және ұзындыққа, биіктікке секіру сайыстары өтсе, келесі күні жас спортшылар 200 метр және 800 метр қашықтыққа жүгірмек.
Айта кетелік, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған турнирдің жеңімпаздары ақпан айының соңында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады.