Мектептерде пилоттық режимде буллингке қарсы бағдарлама енгізіледі
Фото: Primeminister.kz
Елімізде зорлық-зомбылық және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру жөнінде кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Primeminister.kz сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметі бойынша, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингке қарсы шаралар жайы талқыланды.
Мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен сарапшылардан тұратын жұмыс тобы бұл бағытта елде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, халықаралық тәжірибені де зерттеген.
Буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданған. 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істеуде. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс жасайды. Бұдан бөлек «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» бірлестікте Финляндияда оң нәтиже көрсеткен KiVa бағдарламасын пилоттық режимде жүзеге асыру көзделген.
Буллингке қарсы шаралар аясында өңірлік психологиялық қолдау орталықтарының қатарын көбейтіп, жұмысын күшейту мақсаты қойылды. Кризистік жағдайда демеу болар мекемелер елдің барлық аймағында ашылуы керек. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан келтірген дерекке сай облыстар бұл жұмысты маусым айына дейін аяқтайды. Осы ретте жергілікті әкімдіктерге бекітілген кестеге сай ұйымдастыру шараларын қолға алып, орталықтардың тиісті жабдықталуын қадағалау тапсырылды.
Айжанат Бақытқызы