Күршімдік жастар мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып жатыр
Шағын және орта бизнестің дамуы жеке кәсіпкерлердің табысын еселеп қоймай, экономикаға да серпін беретіні анық. Осы тұрғыдан күршімдік жастар мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып кәсіпкерлікті дамытып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында Күршім ауданының 38 жас азаматы 2,5 пайыздық микрокредит алып, кәсіп бастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан бойынша 21-35 жасқа дейінгі жастар арасында 35 адам мал шаруашылығы бойынша микрокредитке қол жеткізсе, екі жас кәсіпкер шаштараз және сұлулық салонын ашқан. Ал бір кәсіпкер сауда дүкенін ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін микрокредитті алған жастардың бірі – кәсіпкер Назым Алимханова «Bala market» атты дүкен ашқан.
Дүкендегі балаларға арналған киімдер топтамасы апта сайын жаңаланып отырады. Тұтынушылардың айтуынша, жас нәрестеден 15 жасқа дейінгі кез келген балаға қолжетімді, ең бастысы киімдер сапалы.
Сондай-ақ Назым Жангелдіқызы кез келген қайырымдылық шарасына, іскер әйелдер ұйымының жұмыстарына белсене араласады. Мысалы, «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тегін мектеп формасын беріп, қолдау көрсетеді.