KZ
Өскемен
+8°
туман жел 2 м/с, В
485.11 523.82 5.02

ШҚО спортшылары дүбірлі додаларда топ жарып жүр

Фото: bodybuilding-and-fitness.ru

27.03.2024, 13:42 122 Айжанат Бақытқызы

Облыста басқа спорт түрлерімен қатар гір спортына да ерекше көңіл бөлініп, оның дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл орайда ауылды жерлердегі талантты жастарды тартып, жарыққа шығару мақсатында өткізілетін жарыстардың берері мол. 
Шығыс өңірінде гір спорты халық арасында ең алдымен қолжетімділігімен танымал болса, екіншіден, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Қуаныш Қыдырпатшаев, Айбол Сіләмбеков қатарлы көптеген чемпиондармен белгілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
Өскемен және Риддер қалалары, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Ұлан аудандарының жас спортшылары облыстық және қалалық жарыстарға үнемі қатысып, өздерінің дағдылары мен шеберліктерін көрсетіп жүр.
Кейінгі кезде есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп аймақта «Есірткіге қарсы спорт» ұранымен гір спортынан түрлі жарыстар өткізіліп жүр. Ондағы жарыстың атмосферасы, спортшылар арасындағы бәсеке, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін бағалы сыйлықтар, бәрі де балаларды жаман әдеттен бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға қызықтырады.   
Спорт түрлерін саралау кезінде гір көтеру олимпиадалық емес танымал спорт түрлері тобына жатқызылған.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша, бүгінде гір спортын дамыту облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім аудандарында және Риддер қаласында жақсы жолға қойылған.
Қазір облыста 2 мыңнан астам адам гір көтерумен айналысады және олардың қатары жыл сайын артып келеді.
Аталған спорт түрінен балалармен 10 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Дарынды балаларды секцияларға іріктеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға дайындап, баптайтын жаттықтырушылардың еңбегі де ерекше назарда. Бапкерлер мен әдіскерлердің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастыру көзделген.
Жалпы, бұл гір спортының тарихы ерте замандардан тамыр тартады. Ал Кеңес одағына, оның ішінде біздің елге бұл спорт түрі өткен ғасырда жетті. Нақтырақ айтсақ, гір спортынан жарыстар КСРО-да 1980 жылдары өткізіле бастаған. Сол кезде спорттық атақ беру үшін жарыс ережелері мен нормативтері жасалған. Сөйтіп, гір тасын көтерудің шеберлері одақтас республикаларда біртіндеп пайда бола бастады.
Гір көтеруден алғашқы Әлем чемпионаты 1993 жылы өтті және оған бірнеше ел ғана қатысқан. Дегенмен жыл өткен сайын әлем біріншілігіне қатысатын елдер қатары көбейді. Бүгінде Әлем чемпионатына дүниенің түкпір-түкпірінен отыздан астам елдің саңлақтары қатысады.
Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен кейінгі Әлем чемпионатында Шығыс Қазақстанның спортшылары сегіз алтын, үш күміс және бір қола медаль олжалап қайтты. Олардың бұл жетістіктері ең бірінші қажырлы еңбектің арқасы болса, екіншіден, өңір басшылығының гір спортына көрсеткен қолдау мен қамқорлығының нәтижесі екендігі даусыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив