Сарыбелді сарқылмас табыс көзіне айналдырмақ
Кең даламыздың күре тамырына қан жүгіртіп отырған аудандар мен ауылдардың ел дамуына қосып жатқан үлесі зор. Экономиканың еселене түсуі де ауылдағы шаруалардың арқасы деуге де болады. Облыстағы осындай аудандардың бірі – Самар.
Бұл ауданның туризмнің төріне айналуына мүмкіндігі зор. Ауыл шаруашылығы алға басқан өңірде басқа салалар да көш артында қалып тұрғаны жоқ. Айталық, былтыр Самар ауданында жеке инвестициялар көлемі 5077,2 млн теңге болды. Ал қолданысқа берілген тұрғын үйдің көлемі 5086 шаршы метрге жетті. Шағын кәсіптің де беталысы жақсы.
Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына 470 шағын кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетіп отыр. Соның ішінде 33 қоғамдық тамақтану орны, төрт наубайхана, 14 дәріхана, үш жанармай құю станциясы, 177 дүкен, дүңгіршек, және үш сауда базары бар. Сондай-ақ екі қонақ үй, сегіз шаштараз, тоғыз техникалық қызмет көрсету станциясы, жиһаз жасау шеберханалары, пластик есік-терезелер, жиһаздар жасайтын цехтар жұмыс істеп тұр. Бұлардың барлығы да халық игілігіне жұмыс істеп жатқан нысандар.
Сондай-ақ тұрғындар «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының арқасында мал шаруашылығын дамытып, бизнес идеяларды жүзеге асыруда. Айтар болсақ, былтыр 89 745 900 теңгеге 11 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде екі асхана мен бір тұшпара цехы ашылған. Ал мал шаруашылығын дамыту бойынша жеті жоба іске асырылған. Биыл Самар ауылында бір көлік жуу орталығын ашу жоспарланған. Осылайша Самар ауданы шағын өнеркәсіптің игілігін көріп, кәсіптен нәсіп тауып отыр.
Туризмнің төріне айналар күн жақын
Самар өңірі туризмнің төріне айналар күн жақын деуге болады. Қазір мұнда туристік қызмет өз деңгейінде дамыған. Аудан аумағында табиғи туристік нысандар баршылық, Бұқтырма су қоймасын жағалай демалыс базалары салынған
Ресми ақпаратқа сенсек, Бұқтырма су қоймасы жағалауында жиыны 2260 төсек-орынға арналған 1030 демалыс үйі, яғни 50 демалыс базасы бар. Сарыбел ауылдық округіне бір маусымда келер туристер саны 20 мыңнан асады.
Туризмді дамыту мақсатында облыстық маңызы бар Самар-Васильевка өткелі жолынан бастап Сарыбел ауылының кіреберісіне дейінгі жол жөнделген. Сондай-ақ Новостройка ауылында 2 га алаңға жалпы сомасы 11 млн теңге болатын қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны салынған. Ал биыл Новостройка ауылына кірер жолды орташа жөндеу және трансформаторлық қосалқы станциялардың қуатын арттыру көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жағалауды дамытудың бас жоспары әзірленіп жатқанын айтты аудан әкімі. Бас жоспар дайын болған соң инженерлік желілер жүргізіледі. Биыл туризм саласында 65 млн тенгеге үш жоба іске асырылмақ. Оның ішінде екеуі тамақтану орындарын ашу болса, біреуі – демалыс үйлерін салу. Міне, осылай Самар ауданында туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар біртіндеп жүзеге асу үстінде. Тиімді пайдалана білсе ауданның туризм төріне айналуына мүмкіндігі зор. Егер жағалауға апарар жол сайрап жатса, ағылып барар халықтың да қарасы көп болмақ.
Дала жұмыстарына дайындық қызу
Аудан әкімдігі көктемгі егістік жұмыстарына сақадай сай екендіктерін баян етті. Бұл өзі ежелден егіншілікті табыс көзіне айналдырған өңірдің бірі. Бүгінгі таңда Самар ауданы бойынша өсімдік шаруашылығымен айналысатын 378 шаруа қожалығы бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында ауданда жалпы ауданы 500,0 га суармалы жер бар, топырақ құнарын арттыру мақсатында суармалы жер көлемін 130 гектарға ұлғайту жоспарланған. Осылайша егістік көлемі ұлғаймақ. Аудан үшін ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру, минералды тыңайтқыштарды қолдану аса маңызды. Сол үшін биыл топырақ құнарын арттыру мақсатында аудан шаруашылықтары минералды тыңайтқыштардың барлық түрінен жалпы мөлшері 65,5 тонна сатып алмақ.
Былтырғы қолайсыз ауа райын ескерген аудан басшылығы биыл шаруаларды тұқыммен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр. Самарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқымның көбін «Астана-Нан» ЖШС, «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС, «ВВГ ШҚ Багратион» ЖШС, «Семена масличных» ШҚ және Ресейден сатып алады. Қазір жергілікті диқандар тұқым сатып алу бойынша шарт жасасып жатыр.
Аудан әкімі көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге техникамыз түгел деп отыр. Ауданда 987 трактор, 82 тіркеме, 370 соқа, 412 тұқым сепкіш бар. Машина-трактор паркін жаңарту бойынша көрсеткішті орындау үшін былтыр 336,0 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы техникасы, 62,0 млн теңгеге 19 тіркеме агрегат сатып алынған.
Былтыр ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы сомасы 361,0 млн теңгенің субсидиясына 280 өтінім беріп, олар толық мақұлданған.
Биыл 34 жоба жүзеге асырылмақ
Жылдық жоспарға сай аудандар мен ауылдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы қатарда Самар ауданында бірқатар жоба жүзеге аспақ. Онда ауылдарға апарар жолдар жөнделіп, көшелерге жарық бағандары орнатылмақ. Самар ауданын дамыту бойынша биыл жалпы сомасы 2,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға көптеген жобамен бірге бірнеше ауылдағы су құбыры желілері қайта жаңартылады.
Аудан әкімінің айтуынша, бөлінген қаржы аясында барлығы 34 жоба жүзеге асады.
Сондай-ақ биыл төрт ауылда балалар ойын алаңы салынып, бірнеше білім ошағына жөндеу жүргізіледі.