Шығысқазақстандықтар балалар әдебиетінің тарихымен таныса алады
О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада заманауи технологияны пайдалана отырып оқырман назарына ұсынатын жаңаша дүниелер жетерлік. Бұл жолы да аталмыш кітап ордасы өз келушілерін жаңа жобамен қуантты. Қалалық кітапхананың балалар бөлімінде «Балалар кітаптарының тарихы - интерактивте» атты жоба жүзеге асырылып, тарихи-танымдық интерактивті музей ашылды.
Кітапхана қызметкерлері бұл жолы балалар кітаптарын мұражайда жинақтап, зерттеп, зерделенген рухани құндылықтарды көпшілікке таныстырған. Мұндай тарихи-танымдық интерактивті музей республика бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен жөн.
Жоба негізгі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Ы.Алтынсаринның өмірі мен еңбектері туралы, оның қазақ даласында мектеп ашып, бүлдіршіндердің білім алуына ерекше үлес қосқандығы туралы айтылады. Екінші бөлім – «Әліппелер». Бұл жерде А.Байтұрсынұлының әліппесінен бастап, біздің қазақ даласында ересектерге арналған әліппе, бірі білсе, бірі білмейтін М.Жұмабаетың әлеппесі туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Үшінші бөлім мерзімді басылымдарға арналыпты. Бұл жерде де тек сол заманғы емес, қазіргі кездің басылымдары да қамтылады. Яғни, балалар мен ұстаздарға арнлаған жұмыстарды бір жүйеге топтастырып, ұсынылған.
Жобамен танысып, әдеби-тарихи танымдық шараға қатысу үшін облыстың түкпір-түкпірінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де жиналыпты. Кітапханаға үнемі зиялы қауыммен, елге белгілі ақын-жазушылармен танысу үшін келетін ұстаздар қауымы бұл жолы кітап ортадын жаңаша қырынан танығандарын айтады.