Қазақстанда қай қалалар ауылға айналуы мүмкін?
сурет көрнекілік үшін: depositphotos.com
Алдағы уақытта жергілікті халықтың жаппай кетуіне байланысты кейбір қалалар ресми түрде ауылға айналуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берілген жауабында айтылған.
Ұлттық экономика министрлігі елімізде аудандық маңызы бар 10 қала барын, тұрғындарының саны 10 мың адамға жетпейтінін хабарлады.
Министрліктің баспасөз қызметі ауылға айналуы мүмкін қалалардың тізімін де ұсынды.
Ауылға айналуы мүмкін қалалар қатарында Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Абай облыстарындағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қалалар бар.
Мәселен, Шар (Абай облысы, Жарма ауданы) – 6500-ге жуық адам;
Серебрянск (Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы) – 7005 адам.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл мәртебесі қалаға ауысса, қосымша жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнестің экономикалық қызметін кеңейтуге, көппәтерлі тұрғын үйлер салуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес әлеуметтік және басқа да нысандар мен қызметтердің тізбесі қайта қаралады.
Қала мәртебесі ауылға өзгерген жағдайда бюджеттік сала қызметкерлеріне 25 пайыз мөлшерінде жалақыға үстемеақы, тұрғындарға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша жеңілдікті шағын несие алу, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасына қатысу мүмкіндігі сияқты кейбір жеңілдіктер қолжетімді болады.