KZ
Өскемен
+10°
небольшой проливной дождь жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Өскемендік өнертапқыштар ерекше қосымша жасап шығарды

19.04.2024, 12:04 55 Ләззат Қанатқызы

Әр ғасырдың өнертапқыштары адамдардың өмірін ыңғайлы етіп, заманның алға жылжып, дамуына үлес қосып келеді. Ал XXI ғасырда технология саласы жылдан жылға еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып, жасара түсті. Жұртқа қажет белгілі бір құрылғы мен қосымша ойлап табу жағынан балалар мен жасөспірімдер тыс қалып жатқан жоқ. Тіпті білімі мен өзінің табиғи дарынының арқасында әлем технологиясында төңкеріс жасағандары да жетіп артылады. Біздің еліміз де осындай жас өнертапқыштардан кенде емес.

Мәселен, Шығыстағы Oskemen Hub-та өнертапқыштығы тек адалдық пен кіршіксіз тазалықтан тұратын жас дарындар жиналған. Бүгінде арманы асқақ жастар орталықтың көмегімен өз жобаларын жүзеге асырып жүр. Олардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Әлжан Нұрғалиев пен Шыңғыс Мағауия да бар. Екеуі «SnackCheck» деп аталатын жаңа қосымша ойлап тапқан. Бұл мобильді қосымшада штрих-код арқылы тағамдардың құрамы туралы толықтай ақпарат алуға болады.

– «SnackCheck» деп аталатын қосымшаның негізгі үш функциясына тоқталып өтсем, кез келген өнімнің қаптамасында өз штрих-коды болады. Соны сканерлеу арқылы өнімнің құрамына қосылған барлық тағамдық қоспалар туралы ақпарат ала аламыз. Сондай-ақ платформада өнім жайлы пікір қалдыру функциясы да қамтылған. Онда кез келген тұтынушы өнімді тұтынғаннан кейін өз пікірін жазып кете алады. Тағы бірден-бір мықты функция – «қара тізім» деп аталады. Яғни, мобильді қосымшада жұмысты бастамас бұрын тұтынушы белгілі бір тағамдық қоспаларды «қара тізімге» енгізеді. Сол арқылы келесі жолы өнімді сканерлеу кезінде мобильді қосымша сол қоспа бар екендігі туралы ескерту жасайды, – дейді Шыңғыс Мағауия.

            Жобаның негізгі идеясы – тағамдық аллергияның алдын алу және дұрыс тамақтану. Бұл қазіргі заманның өзекті мәселесіне айналған.

–Дүкен сөрелерінде тұрған азық-түліктің барлығында дерлік зиянды қоспалар болуы әбден мүмкін. Яғни, тағам өндірушілер түрлі химиялық зиянды қоспаларды қосады. Оның зияны туралы айтылып жатыр, алайда құрамы туралы толыққанды ақпаратты табу мүмкін емес. Сондықтан дәл осы саланы таңдап алдық, – дейді Әлжан Нұрғалиев.

Жас өнертапқыштарға қосымшаны толықтай дайындап, жарыққа шығару үшін тоғыз айға жуық уақыт қажет болған. Оқушылар үш ай ішінде дизайнын қалыптастырып, қосымшаны арнайы бағдарламада құрып үлгеріпті. Бүгінде тегін платформаны 200-ге жуық адам қолданатып көрінеді.

– «SnackCheck» қосымшасы қазіргі таңда Google Play Market-те  қолжетімді. Бүгінгі күнге дейін 200-ге жуық адам оны жүктеп, күнделікті өмірде қолданып жүр. Осымен тоқтап қалған жоқпыз, – дейді Шыңғыс Мағауия.

Жас дарындар екі жыл ішінде Google Play Market пен iOS қосымшасында SnackCheck-ті пайдаланушылар санын 100 мыңға дейін жеткізуді көздейді екен. Осы мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етіп, жаңа функциялар қосып жатыр. Көпшілік алдағы уақытта платформаны iOS қосмшасынан да жүктей алады.

–Қосымшаның жаңа нұсқасын дайындап жатырмыз. Қазір екінің бірі iPhone ұстайды ғой. Сондықтан ойда тұрған мақсаттарды жүзеге асыру үшін барлығы қолданатын  iOS қосымшасына да енгізсек дейміз. Ол үшін жаңа функциялармен қатар жасанды интеллект те енгіземіз. Аймақ басшысы да жобамызға қызығушылық танытып, министрлікке шығу арқылы өзге де аймақтарға дәріптеу туралы ұсынысын білдірді, – дейді Әлжан Нұрғалиев.

Арманы асқақ, мақсаты биік бозбалалар өз құрдастарына да тек оқу ордаларының білімімен шектеліп қалмауға кеңес береді.  Замануи технологиялар мен IT саласы қарқынды дамыған заманда жаңаша дүниелер мен қосымшалар шығарып, ел экономикасына үлес қосу – әрбір жастың парызы дейді. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған, мүмкіндіктер өте көп.

–Oskemen Hub-та облыстың тұрғындары әлемді өзгертетін жаңаша дүниелер, қосымшалар ойлап табуға мүмкіндік алады. Ол үшін жаңа білімге ұмтылып, табыстарға қол жеткізе білу қажет. Мен алдағы уақытта Қытай, Америка, Еуропа сынды дамыған мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасқым келеді. Бұл жердегі басты мақсат – интеллектуалды және психологиялық тұрғыда өсу және ел экономикасына, стартаптарды дамытуға өз үлесімді қосу, – деді Шыңғыс Мағауия.

Ел болашағы – жастардың қолында. Ал болашағымыздың жарқын болуы үшін болайын деген баланың бетінен қақпай, белін буғанымыз жөн. Сонда ғана мемлекетіміз қарыштап дамып, әлемдік аренадан өз орнымызды табарымыз анық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив