Жас өнертапқыштар жаңа жобаларын таныстырды – ШҚО
Өткен жылы облыс орталығында есігін айқара ашқан өңірлік IT-хабта бүгінде талантты жастар тәрбиеленіп жатыр. Онда 9-11 сынып оқушыларынан бастап, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, өңірлік жастар өз туындыларын әзірлеуге мүмкіндік алды.
IT-технологияларды пайдалану саласында перспективалық жобаларды жүзеге асырып жатқан жастарға аймақ басшысы да қолдау көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бүгін ШҚО әкімі Ермек Көшербаев облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының есебі аясында аймақтың жас стартапер мамандарымен кездесті.
IT-хаб резиденті, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әбілмансұр Жүніскенов омыртқа арасындағы жарықшақ (грыжа), арқа ауруларының алдын алуға арналған мобильді қосымша мен гаджет ойлап тапқан. Жас өнертапқыштың айтуынша, қазірде ондай құрылғылар корсет күйінде көптеп шығарылып, қолданылып келеді. Алайда, ол денені қысып, бұлшық еттің дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан оны мойынға тағатын жеңіл корректор ретінде құрастырған.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Әлжан Нұрғалиев пен Шыңғыс Мағауия да «SnackCheck» деп аталатын жаңаша қосымша ойлап тапқан. Мобильді қосымшада штрих-код арқылы тағамдардың құрамы туралы толықтай ақпарат алуға болады.
ШҚО әкімі өз кезегінде жас дарындарға барынша қолдау көрсететінін айтты.