Күршімде Толқын Забированың баласы бар
Фото: instagram.com/tolkynzabirova
Әнші Толқын Забирова «Мамский әңгіме» бағдарламасында 20 жыл бұрын басынан өткен ерекше оқиғаны айтып берді. Өнер иесі жеті ай бойы өзге балаға сүт берген. Айтуынша, ол бала Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында тұрады.
Сәби анасының сүтіне тоймаса немесе әйел омырауынан қандай да бір себептермен сүт шықпаса, қазақ халқы сәби денсаулығы жақсы болып өсуі үшін сүт ана іздестірген. Кейбір отбасылар алдын ала сүт ана болатын адаммен келісіп те қояды. Ертеде бұл дәстүр халық арасында кеңінен таралған. Адамдардың бір-біріне деген мейірімінен болар: баласын тойдыра алмай жатқан анаға екінші бір әйел-ана өзі көмекке келген. Ақ сүтін еміп өскен бала сүт анасын өз анасындай көріп, құрмет тұтады. Ал сүт анасы да балаға бауыр басып, сүт баласына ақ сүтімен бірге аналық мейірімін де қоса төгеді.
Міне, Толқын Забирова да кезінде күршімдік бір баланың сүт анасы атанған екен. Перзентханада бала дәрігері келіп, оған өтініш жасапты.
Осылайша, сәби жеті ай бойы Толқын Забированың сүтін ішкен. Тоғыз айында оны әкесі сүт анасына көрсетуге алып келген. Содан бері арада 20 жыл өтіпті.
Ел аузында «сүтпен кіріп, сүйекке сіңген» деген сөз бар ғой. Мүмкін, сол бала қазір сүт анасына тартып, әншілікке бет бұрды ма екен?!