Биыл 10 мыңнан аса жатақхана орны пайдалануға беріледі
Фото: primeminister.kz
Үкіметте колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың сөзінше, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне салынуы тиіс.
Жиын барысында әр нысандағы жұмыс қарқыны жекелей қарастырылды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бүгінде құрылыс, реконструкция қарастырылған ғимараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75% деңгейінен жоғары орындалғанын жеткізді. Үш нысандағы тиісті жұмыстар 50% шамасында атқарылған. Аймақ әкімдерінің орынбасарлары барлық шаралар жоспарға сай аяқталады деп сендірді. Тамара Дүйсенова мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырма берді.
Студенттерді жатақханамен қамту жұмысы қарқынды жүруде. Былтыр 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген. Алайда, демографиялық өсім қосымша орындарды қарастыруды қажет етеді. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі ұзақмерзімді жоспарды да өзектендіруді қолға алды.