KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 1,3 м/с, ОШ
480.11 532.25 5.14

Зайсандық кәсіпкер фибробетон өндіріп жатыр

11.06.2024, 11:11 140 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шағын өнеркәсіптің тетігін тапқан зайсандықтар құрылыстың сыртын қаптауға арналған қасбет шығаруды қолға алды. Зайсандық азамат жуықта фибробетон өндіру кәсібін бастап, күніне 70 шаршы метр қасбет және жерге төсеуге арналған кеспек тас (брусчатка) шығарып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шағын өнеркәсіп тізгінін қолға алған азамат аудандағы жұмыссыздықты да азайтуға септігін тигізіп, төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Қасбет өндіру кәсібін сәуір айында бастадық. Станокты және құрылыс материалына керекті қоспаларды Алматыдан алдырдық. Өзім құрылыс саласында жұмыс істеймін. Өзіміз салып жатқан құрылыстардың бірін қаптап бастадық. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Енді мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілер көмекті алып, жұмыс ауқымын арттырсақ деген ой бар, – дейді кәсіпкер Дәурен Зияданов.

Қазір 40 шаршы метр көлемде қалыптармен жұмыс істеп бастаған кәсіпкер күніне 100 шаршы метр қасбет өндіруге мүмкіндігіміз бар деп отыр.

– Бұл да бірнеше сатылы жұмыс деуге болады. Қасбет өндіру үшін асбест, қиыршық тас, цемент және өзге де қоспалар қажет болады. Бұл қоспалар арқылы қалыпқа құйылған материал арнайы бөлмеде кептіріледі. Осылай рет-ретімен жұмыс атқарылады. Қазір өзіміз салып жатқан құрылысқа пайдаланып жатырмыз. Жалпы қасбетке және жерге төсеуге арналған кеспек тасқа сұраныс бар екендігін байқадық. Сондықтан да алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға қол жеткізсек кәсіп ауқымын кеңейту басты мақсаттардың бірі болып отыр, – дейді кәсіпкер.

Иә, ауылдағы құрылыс нысандары мен үйлердің көбі ескі екендігі белгілі. Сондықтан да үйлердің сыртын қаптауға арналған қасбеттерге алдағы уақытта сұраныс артуы мүмкін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив