Өскеменде «Шексіз шығармашылық» өнер фестивалі өтті
Шығыс Қазақстан Өнер мұражайында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен «Шексіз шығармашылық» атты өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестиваль қонақтары әуелі сурет және қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалап, артынша әуезді әнге құлақ түрді. Өнерпаздардың жүрек тебіренте шырқаған әндері жиналған көпшіліктің көңілінен шығып, жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Көпшіліктің көңілінен шыққан көрмеде Берік Калибеков, Вера Карпутсина, Гауһар Сейілханова, Варвара Баталина қатарлы шеберлер өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Фестивальге келушілердің арасында қолөнершілердің өнер туындыларына қызығушылық танытқан жандардың қатары көп болды. Сондай-ақ, Ирина Усова, Сергей Елисеев секілді суретшілердің салған картиналарын жұрт қызыға тамашалады.
Фестивалға барлығы 25 өнерпаз қатысып, оларға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Ақмарал Мұхтарбекова