KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кім жауапты?

шартты сурет: depositphotos.com

10.07.2024, 11:01 156 Айна Ескенқызы

Дәрігерде диспансерлік есепте тұрған оқырмандарымыз тегін дәрі-дәрмектің дер кезінде берілмейтініне не болмаса рецептегі препараттың орнына баламасы, көбінде қазақстандық дәрілер берілетініне шағымданады. Айтыстарына қарағанда, отандық препараттардың жағымсыз кері әсерлері көп, сол себепті олар түпнұсқадағы дәріні өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр. Altainews.kz тілшісі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Данияр Исеновтан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету механизмін түсіндіріп беруді өтінген еді.

– Неге екенін,  пациенттер осы мәселемен көбінде бізге келеді. Ал негізінде біздің міндетіміз  - емханалар рецептпен босатқан дәрілердің ақысын төлеу ғана. Жалпы есепте тұрған  науқастарды амбулатория деңгейінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде төрт ойыншы бар, – деп бастады сөзін Данияр Исенов.

Директор түсіндіргендей, алдымен денсаулық сақтау басқармасы емханалардан диспансерлік есепте тұрған пациенттерге қажеттігі дәрілерге өтінім жинайды. Емхана осы ақпаратты жинап, Денсаулық сақтау министрлігіне жолдайды. Ол жерде өтінім бекітіліп, сатып алынатын медикаменттердің тізімі жасалады.

Одан кейін бұл препараттарды бірыңғай дистрибьютор СК "Фармация" сатып алады.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  дәрігердің рецебімен берілген препараттың ақшасын төлейді. Мысалы, сіз емхананың дәріханасынан рецепт бойынша дәрі алсаңыз, содан кейін ғана қор ақшасын төлейді. Біздің жауапкершілігімізге тек ақысын төлеу ғана кіреді, – деп нақтылады филиал директоры.

 

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен өтінім лимиті шеңберінде  Қорға қаражат  дәрі-дәрмекті екі пакет - ТМККК   мен МӘМС  бойынша сатып алуға бөлінеді. Тегін дәрі-дәрмекті беру қызметін жетілдіру мақсатында биылдан бастап SMS-хабарлама енгізілген, осындай хабарлама алмаған науқасқа препарат берілмейді.

– Бізде сапа мониторингі бар екенін айта кеткен жөн.  Біз дәрі-дәрмектің кімге берілгенін және оған берілуге тиіс пе, жоқ па, соны да тексереміз. Препарат заңды түрде беріліп тұрғанына көз жеткізген соң ғана  ақысын төлейміз. Сондықтан  амбулатория деңгейінде дәрімен қамтамасыз етуге қатысты Қорға  айтылған сын орынсыз.  Қор препараттың атауы  мен көлемі бойынша  ешкіммен келісім жүргізбейді, бұл мәселеде біздің пікіріміз ескерілмейді, – деп қосты Данияр Исенов.

Директор дегенмен өтінімдерді қалыптастыруда аймақтың әртүрлі бейіндегі штаттан тыс бас дәрігерлері маңызды рөл атқаратынын айтады.

Данияр Болатұлының пікірінше, өтінімді қалыптастыру процесін талқылау үшін ШҚО ДСБ штаттан тыс бас дәрігерлерінің арасынан комиссия құру қажет. Сонда олар тапсырыстың қалай қалыптасатынын көреді де, Қорды қаражат бөлмеді деп айыптаудан аулақ болады.

– Қорыта келгенде, медициналық ұйымдарға бекітілген тізім бойынша препараттарды жеткізу кестесіне "СК-Фармация" жауапты, ал пациенттердің  өтінім қалыптастыруда шағымдары болса, онда облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінулері керек, – деді филиал директоры.

Айтпақшы, дәрі-дәрмектің сапасы мен тиімсіздігіне қатысты шағымдарды емхана басшылығына түсіру керек. Олар барлық арыз-шағымдарды жинап, салалық министрлікке жолдауға тиіс. Ал пациенттерден түскен шағымдардың нәтижесінде тізімді қайта қарап,  қандай дәрі-дәрмекті сатып алу қажеттігін шешуге  тек   салалық министрлік құзырлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив