KZ
Өскемен
+8°
туман Штиль
478.89 528.74 5.29

«Жанұя» орталығы қиын жағдайдағы отбасыларға көмек көрсетуде

8.08.2024, 09:07 161 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстан облысындағы «Жанұя» отбасыларды қолдау орталығының қызметкерлері биылғы мамыр айынан бастап аулалық тексеру жүргізу нәтижесінде өмірлік қиын жағдайдағы 5591 отбасын анықтады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Бүл туралы бүгін ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова мәлімдеді. 

«Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда өмірлік қиын жағдайға тап болған кейбір отбасылар тұрғын үй, қаржылық, тұрмыстық, жұмысқа орналасу, психологиялық проблемаларды жалғыз өзі шеше алмай жатады. Осы орайда «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» мекемесі құрылды. Оның қызметі -қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, есепке алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіру арқылы кешенді көмек көрсету»,- дейді Альмира Мусинова.

«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Маруа Гайсинаның айтуынша, орталықтың штат саны 35 адам. Әр ауданда 2 маман - әлеуметтік қызметкер мен психолог жұмыс істейді. 

Орталықтың қызмет бағыттарының бірі - дағдарыстық және шұғыл деңгейлерге жататын отбасылардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу және қолдау. Отбасының цифрлық картасында олар D-дағдарыс және E - төтенше деңгейлер болып белгіленген.

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, облыс бойынша әл-ауқат деңгейі бойынша «Д – дағдарыс» – 36 007 отбасы (80 002 адам), «Е – шұғыл» - 5 577 отбасы (17 157 адам) анықталды.

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап орталық қызметкерлері аталған санаттағы азаматтарға аулалық тексеру жүргізуде. Үш айда 5591 отбасы тексеріліп, нәтижесінде «Д – дағдарыс» – 4646 отбасы, «Е – шұғыл» деңгейдегі 945 отбасы анықталды.

Орталық ашылғаннан бері  337 отбасы әртүрлі мәселемен жүгінген.

«Мәселен, бізге материалдық көмек сұрап және жұмысқа орналасу мәселесімен кәмелетке толмаған екі баланы тәрбиелеп отырған әке жүгінді. Балалардың анасы бес жыл бұрын қайтыс болған. Отбасы ауылдық жерде тұрып, жұмысқа орналасу проблемасына байланысты Өскемен қаласына көшуге мәжбүр болды. Өздері жалдамалы пәтерде тұрады. Орталық қызметкерлері тұрғылықты жеріне барып, тексеру жүргізіп, отбасының бастапқы қажеттіліктерін анықтады. Мамандар жұмыспен қамту бөлімі арқылы бір реттік материалдық көмекті рәсімдеуге көмектесті, одан әрі жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушілерді тапты, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Азық-түлік пакеті түрінде көмек көрсету және балаларға мектеп керек-жарақтарын ұсыну үшін демеушілер табылды. Білім беру ұйымдарында тегін тамақ түрінде әлеуметтік көмек алу, мектеп формасы мен аяқ киім үшін төлем алу мүмкіндігі туралы кеңес берілді. Тұрғын үй сатып алуға көмек көрсету бойынша қайырымдылық қорларымен жұмыс жүргізілуде,-деді Маруа Гайсина.

«Жанұя» орталығының жұмыс бөлмелері аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде, ал орталықтың әкімшілік ғимараты Өскемен қаласындағы Сәтпаев даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан.

Дүйсенбі – жұма сағат 9.00-18.30.
Байланыс телефоны: 87232-61-41-01.
Шұғыл жағдайдағы байланыс телефоны: 87775787579.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив