"Жанұя "қолдау орталығында ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру талқыланды
Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастағалы екі айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында орталыққа әртүрлі проблемаларымен 302 отбасы хабарласып, нақты көмек алған. Олардың арасында психологиялық қолдау күткендер де немесе заңгердің кеңесіне зәру, баспана мәселесімен келгендер, мүгедектік ала алмай жүргендер де бар.
Мемлекеттік мекеме облыс әкімдігінің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен құрылған-ды. Мамыр айына дейін барлық ұйымдастырушылық жұмыстары жүргізіліп, аудандардағы мамандар бекітіліп, мемлекеттік мекеменің толыққанды жұмыс істеуіне жағдайлар жасалды.
– Орталық қызметінің мәні – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсету және осындай келеңсіздіктердің алдын алу. Орталықта барлығы 35 маман жұмыс істейді, олардың 26-сы облысымыздағы он үш қала мен ауданның жұмыспен қамту бөлімдерінің жанынан құрылған орталықтарда қабылдайды. Әр ауданда бір психолог пен әлеуметтік жұмыс бойынша маман қолдауға мұқтаж отбасыларына жәрдемдеседі. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 302 отбасына нақты көмек көрсетілді. Олардың арасында психологиялық қолдау күткендер де немесе заңгердің кеңесіне зәру, баспана мәселесімен келгендер, мүгедектік ала алмай жүргендер де болды. Біздің мамандардың шұғыл көмектерінің нәтижесінде олардың мәселелері шешіліп жатыр, – деп атап өтті «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Маруа Ғайсина.
Өскемен қаласындағы орталық Сәтбаев даңғылы, 64 ғимаратының төртінші қабатында орналасқан. Мұнда шұғыл түрде көмекті қажет ететін жандарды уақытша ұстау үшін ана мен бала бөлмесі бар.
–Біздің дағдарыс орталықтары сияқты жатын орындарымыз жоқ. Дегенмен тұрмыстық зорлықтан зәбір көрген, барар жері жоқ әйел мен балаларды уақытша, проблемасы түбегейлі шешілгенге дейін орналастыратын бір бөлме дайындап қойдық, – деп түсіндірді орталықта.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл қажет
Орталық қызметінің мақсаты – отбасыларына кешенді қолдау көрсетуде ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру. Осы орайда «Жанұя» қолдау орталығында прокуратура, білім және денсаулық сақтау салаларының, азаматтық сектордың өкілдері, аудандардағы мамандар бас қосып, ары қарайғы жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
«Жанұя» қолдау орталығының мамандары мұқтаж жандарға дер кезінде жәрдемдесу мақсатында отбасының цифрлық картасы бойынша жұмыс істейді.
–Өңірде отбасының цифрлық картасында 97 мың адам қызыл аймақта, яғни, дағдарыс жағдайында тұр. Олар қандай көмекке зәру, қалайша баспанасыз не жұмыссыз далада қалды? Бәлкім, жаңа жерге қоныс аударып, құжаттарын реттей алмаған шығар. Кейбір отбасылары психологиялық көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Сол себепті біз облыстық білім басқармасы жанынан ашылған аймақтық психологиялық көмек орталығымен, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз керек. Мамандар қызыл аймақтағы әр адамға әлеуметтік карта толтырады. Сол кезде жанұялардың әлеуметтік портреті жасалып, нақты қандай көмекке зәру екені айқындалады, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
Басқарма басшысы отбасылармен жеке танысу кезінде әртүрлі жағдайлар анықталып жатқанын айтты. Мысалы, жанұя дағдарыс жағдайында тұр деп көрсетілгенімен, шындығында отбасы мүшелерінің жұмысы бар, тек олар заңсыз жұмыс істейді де, жалақыны конвертте алады, кірістерін жасырады.
– Бірінші кезектегі жұмыс – біздің аудандардағы мамандарымыз қызыл аймақтағы отбасыларын жаяу аралап, олардың әрқайсының проблемаларымен танысады. Біз нақты көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауға тиіспіз, – деп қосты басшы.
Біз көшеден адам қабылдай алмаймыз
Өскемен қаласы әкімдігінің «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Сәния Аубакирова өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Дағдарыс орталығы он сегіз адамға арналған, алты жатын бөлмесі, балалардың ойын бұрышы, барлық техникамен жабдықталған асханасы бар. Кәмелетке толмағандарға арналған кабинет ашылған, зәбір көрген балалар түссе, олармен психолог жұмыс істейді. Орталыққа аудандардан, кез келген уақытта ешқандай ескертусіз келетіндер болады. Мысалы, өткен қыста осы жерді 28 адамға дейін уақытша паналаса, қазіргі таңда бар болғаны бес адам жатыр.
–Бізге кейде саяжайда не далада адам жатқанын хабарлап, көмектесуімізді сұрайды. Бірақ біз көшеден адам қабылдай алмаймыз. Өйткені орталықта балалар болуы мүмкін. Қараусыз қалған жандарды алдымен медицина қызметкерлері тексеріп, бейімдеу орталықтарына орналастыруға тиіс, – деп түсіндірді Сәния Мағауқызы.
«Жанұя» қолдау орталығы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуде жәрдемдессе, әлеуметтік-педагогикалық проблемалармен облыстық білім басқармасы жанындағы аймақтық психологиялық көмек орталығы айналысады. Орталық психологтарының бай тәжірибесі жанұялықтар үшін таптырмайтын құрал.
Орталықтың бөлім басшысы Елена Гутованың сөзіне қарағанда, тұрмыстық-педагогикалық мәселелер тек қолайсыз отбасыларында ғана болмайды екен. Жасөспірімдер арасындағы суицидке жасалған сараптама мұндай үмітсіз қадамға барғандардың басым бөлігі жайлы отбасыларынан шыққанын көрсеткен. Олардың ата-аналары жоғары білімді, тұрақты жұмыстары бар, тұрмыстары орташадан жоғары болып келеді.
– Өмірлік қиын жағдайға бала іштей де ұшырауы мүмкін. Мысалы, ата-анасының ажырасуын немесе жақындарының бірінің өлімін қабылдай алмаған жасөспірім ішкі күйзелістен шыға алмайды. Біз жұмысымызда осындай балаларға психологиялық қолдау көрсетуге тырысамыз. Өңірдің барлық аудандарымен тығыз байланыстамыз, 24 маманнан тұратын мықты командамыз бар, күрделі жағдайларды талдап, жер-жердегі мамандарға әдістемелік көмек береміз, – деп бөлісті Елена Борисовна.
Отбасылардың проблемалары әкімдікте емес, қоғамдық бірлестіктерде шешіледі
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істеуде азаматтық сектордың, қоғамдық бірлестіктердің көмегін айтпай кетуге болмайды. Сондай белсенді қоғамдық бірлестіктердің бірі – көпбалалы аналардың «Jan ana» бірлестігінің айналасына бүгінгі таңда көпбалалы отбасылар ғана емес, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе аз қамтылған жанұялар да топтасқан.
–Қазір осындай отбасылардың проблемалары әкімдіктерде емес, қоғамдық бірлестіктерде шешіледі. Біз олармен конструктивті диалог алаңын құра білдік. Бірлестіктің өкілдері бізге келіп, түйіні шешілмей жатқан мәселелерін ортаға салады, біз ол тығырықтан шығудың жолдарын бірлесе іздейміз, – деп атап өтті Альмира Мусинова.
Жоғарыда аталған отбасы санаттарында әсіресе баспана мәселесі өткір. Өмірлік қиын жағдайда қалған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына үй сатып алуға көмектесетін республикалық «ASAR UME» қоғамдық қорымен байланыс орнатып, жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде «Jan ana» қоғамдық бірлестігі өңіріміздегі он жеті отбасының баспаналы болуына үлес қосты.
– «ASAR UME» қорының мақсаты тек баспана сыйлау емес, сол отбасылардан шыққан, тұйықталып қалған балалардың жан дүниесін ашу, олардың бойында көшбасшылық дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Кең жүрек мың бала» деген жоба ашты. Сол жобаның аясында күндіз-түні жұмыс істеп, төрт баламызды лагерьге алып бардым. Ол жерде балалармен лидерлердің республикалық «Жаңа ұрпақ» деген командасы жұмыс істейді, ол жерден практикалық тапсырмаларды алып келеміз. Оның ішінде асық ату да бар, адамның бойындағы жақсы қасиеттерді ашатын, маңызы мықты тапсырмалар береді. Алдыңғы жылы төрт баламыз лидер болды, олардың екеуі биыл облыс атынан басқа балаларды оқытып, үйретуге барды. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш, – дейді «Jan ana» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.
Қоғамдық бірлестіктің тігін тігу, шаштараз курстарын оқып алған аналары басқа құрбыларына, оқушы қыздарға тегін курстар жүргізеді. Қазір белсенді аналар ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, дәріптеуде көп жұмыс атқарып жүр.
– Жалпы бірлестігіміз жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. 80 бала психологиялық көмек алды, 600-дей анаға әртүрлі қолдау көрсетілді. Балалардың ұлттық сана-сезімін дамыту мақсатында отбасы құндылықтары бойынша сәрсенбі сайын сабақтар жүргізілді, мемлекеттің саясатынан, бастамаларынан шет қалмауға тырысамыз. Ана болғасын қарап отыра алмаймыз, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бірінші болып үн қосамыз, мысалы, көктемде су апатынан зардап шеккендерге көмек беруден де тысқары қалған жоқпыз, – деп қосты белсенді ана.
Облыстың штаттан тыс бас педиатры Гүл Құсайынова денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік психолог мамандардың тапшылығын айтып, осы бағытта бірлесе жұмыс істесек деген пікірін жеткізді.
– Біздің қызметте басты көңілді ана мен баланың өмірін сақтап қалуға бөледі. Ал кейбір аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске түседі, суицид туралы ойлайтындар кездеседі. Оларға кешенді психологиялық көмек қажет. Қызылордаға іссапармен барғанда мынандай тәжірибенің куәсі болдық. Оларда осындай проблемаларды жеңіп шыққан отбасылар дәл қазір күйзелісте жүрген басқа жанұяларды өз қанаттарының астына алып, көмек қолын созады екен. Ондай жандардың бір-біріне деген сенімі де жоғары болады, – дейді Гүл Құсайынова.
Дәрігер бүлдіршіндерді психоздан үш жасқа дейін шығарып үлгеру керек дейді. Өйткені сәбилердің миы үш жасқа дейін қалыптасады, сол кез түзетуге ең қолайлы екен, кейбір әдебиеттерде сегіз жасқа дейін деп жазылған. Сонымен қатар бас педиатр болашақта осындай жиындарға тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының мамандарын да шақыру қажет деген ойымен бөлісті.
–Аулаларға орнатылған әткеншектердің қауіпсіздігін бақылайтын органдардың өкілдерін де шақыру керек. Кеше ғана ауруханаға алтыбақаннан құлап, жарақаттанған сәбиді әкелді, жағдайы ауыр, – деді бас педиатр.
Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова алдағы уақытта орталықтың жұмысын жандандыру мақсатында барлық мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін жеткізді.