Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы Күршім ауданындағы Балықшы ауылдық округіне барып қайтты. Облыс орталығынан арнайы барған басқарма басшылары халықпен кездесіп, балықшы ауылдардың әл-әуқатымен танысып, тұрғындардың пікіріне құлақ түрді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Зайсан көлін жағалай орналасқан Күршім ауданына қарасты Ақсуат, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының тіршілік көзі – балық шаруашылығы. Олар аудан орталығындағы «Төре Тоғам» балық зауытымен бірлесе жұмыс істеп келеді. Алайда балықшылар соңғы бірнеше ай бойы жалақы алмағандарын аудан әкімдігіне жеткізген. Аудан әкімі «Төре Тоғам» ЖШС басшысымен жүздесіп, бұл мәселені шешуді тапсырған. Десе де, балықшы ауылдардағы өзге де өзекті мәселелерді жолға қою үшін Шығыс Қазақстан облысының бірқатар басқарма басшыларын бастап барып, халықпен жүздестірді. Облыс орталығынан барған жұмыс тобымен жүздескен жұрт жол, көмірдің қымбаттығы, маман тапшылығы, ауылдағы адам санының азайып жатқандығын айтып, ең бастысы балық аулау барысына қатысты түйткілді мәселелерді тілге тиек етті.
– Ауыл тұрғындары қойылмалы сүзгі аулардың заңдылығына қатысты сұрақ қойды. Қазіргі уақытта «Төре Тоғам» ЖШС қолданып отырған сүзгі ау Ауылшаруашылығы министрлігінің бұйырығымен рұқсат етілген кәсіптік балық аулау құралы. Ол жайында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Екінші мәселе, балық аулауға берілетін рұқсат қағазды алуға қатысты болды. Ол жағынан балықшыларға ешқандай кедергі жоқ, – деді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжанов.
Ал балықшылардың қазіргі қаржылық жағдайына қатысты мәселеге «Төре Тоғам» ЖШС басшысы өзі жауап берді.
– Біз заман талабына сай жаңа технологиямен балық аулауды қолға алып жатырмыз. Осы жағынан балықшылар арасында түсінбеушілік болды. Оны айтып, түсіндіріп жатырмыз. Ал жалақы жағын шешіліп, балықшылардың ақшалары беріліп жатыр. «Төре Тоғам» ЖШС-ға тексеру жүргізіліп жатқандықтан, жалақы жағынан сәл кешігу болды, бұл мәселе енді шешімін табады, – деді «Төре Тоғам» ЖШС басшысы Нұрлан Қасымханов.
Жұмыс тобының өкілдеріне тұрғындар ауылға адам көшіріп әкелу, жол салу жағынан көмектесулерін сұрады. Сондай-ақ ауылға келетін көмірдің де қымбаттығын айтты.
– Шығыс Қазақстанға оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқандар бар. Ауыл әкімдерімен бірлесіп аталған бағдарлама негізінде ауылға адам тартуға болады. Ауыл әкімдерін делегация құрамына қосылып, бізбен бірге оңтүстік өңірлерге баруға шақырдық. Жұмыс ұсынып, бізбен бірге үгіт-насихат жүргізіп қайтсын, ол жақтағы жұртпен сөйлессін. Көшіп келем дегендерге мемлекет тарапынан да берілетін жеңілдіктер көп. Ауылдың демографиялық жағдайын көтеруге мүмкіндігінше көмектесетін боламыз. Балықшы ауылдағы өзге де мәселелерді көріп, тыңдадық, шешуге барымызды салатын боламыз, – деді Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы.
Ал аудан әкімі ауыл тұрғындары айтқан мәселелермен түгел таныс екендігін, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.