KZ
Өскемен
плотный туман жел 1 м/с, С
485.04 525.98 5.04

Будапештен олжалы оралған кикбоксшыларға жерлестері қошемет көрсетті

2.09.2024, 18:04 114 Нұржан Кенжеұлы

23 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Будапешт қаласында кикбоксингтен Әлем чемпионаты өткен болатын. Қазақстандық спортшылар үшін шын мәнінде жемісті болған жаһандық додада ұлттық құрама қоржыны 20 алтын, 18 күміс және 19 қола медальмен толықты.

Жүлде әкелген сондай саңлақтың екеуі – біздің жерлестер. Бүгін облыс орталығының «Өскемен-1» теміржол вокзалынан Мажарстандағы жаһан біріншілігінен олжалы оралған сол қос спортшымызды бір топ жанкүйері күтіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еліміздің туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту дирекциясынан хабарлағандай, кикбоксингтен Әлем чемпионаты жастар, жасөспірімдер мен кадеттер арасында ұйымдастырылды.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Әсіресе, финалдағы қарсыласым – түркіменстандық спортшының шеберлігін атап өткім келеді. Дегенмен, көптің қолдауымен жеңіске жете білдім. Бұл үшін, ең алдымен ата-анама, одан кейін бапкерлеріме алғыс айтамын. Мені осы спортқа алып келген Қайсаров Айбек ағама да алғысым шексіз, – дейді Әлем біріншілігінде фулл-контакт санатының 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, топ жарған Жарқын Ауғанбаев.

Зайсан ауданы Дайыр ауылының тумасы Жарқынның кикбокспен айналысқанынан алты жыл болыпты. Осы уақыт аралығында талапты жас бірқатар байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрініп, кикбокстан спорт шебері атағын алып үлгерген екен.

Будапештегі додада жеңіс тұғырына көтерілген тағы бір жерлесіміз – фулл-контакт санатының 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрәли Оралбековтың бұл спорт түріне ден қойғанына көп бола қоймапты. Соның өзінде Нұрәлидің жеткен жетістігі аз емес. Енді міне, облыстық, республикалық жарыстардағы жүлделерінің қатарына Әлем чемпионатының күміс медалі де қосылды.

– Бұл жарысқа жаз бойы дайындалдық. Енді еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Жалпы, Әлем чемпионатындағы өнеріме көңілім толады. Бізді қолдаған барлық жанкүйерге, бапкерлерге рахмет айтамын, – дейді өскемендік жас.

Жарыста қазақстандық спортшылар үш санатта сынға түскенін айту керек. Нақтырақ айтсақ, отандастарымыз фулл-контакт, лоу-кик және К-1 санаттарында өнер көрсеткен-ді.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы жаһан біріншілігіне әлемнің 50-ден астам елінен үш мыңға жуық спортшы қатысыпты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив