KZ
Өскемен
-6°
плотный туман жел 1 м/с, ОБ
485.04 525.98 5.04

Мемлекет басшысы әрбір азаматтың қауіпсіздігіне баса назар аударып отыр - Ермек Құрманғалиев

Фото: Facebook

6.09.2024, 09:49 33 Анель Слямғазықызы

Өскеменде өткен жолы «Сергек» камералары бір апта істен шығып қалғанда  көшенің қақ ортасында жүзбен жүйіткіп жүрген талай көлікті көрдім.

Жыл басынан бері елімізде жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шегіпті. Президентіміз өз жолдауында  адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатқандығын,  олардың арасында тұтас отбасылар да бар екендігін айтты. Және бұл мәселені жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болатындығын да атап көрсетті.  Расында да бейбіт күнде адамдардың «көк темірге жем болып жатқаны» бәрімізді алаңдатып отыр. Шындығында  өз басым  көлік жүргізушілердің де, жолаушылардың да  жол жүру кезінде   өзінің өмір қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтындығының сан мәрте куәсі болып жүрмін.  Таныстарымның арасында қауіпсіздік белгісін тағуды намыс көретіндер де, камераға түсіп қалудан қорыққандықтан ғана жылдамдықты шектеуге мәжбүр болып жүргендер де жетерлік. Заңды қанша қатайтып жатса да, тіпті бір рет ұсталып жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылып,  15 күн түрмеге жатып шықса да,  арақ-сыра ішіп алып, бала-шағасын салып алып  көлік құралын қайтадан  басқарып жүрген адамды да  көрдім.  Онысымен қоймай жол-партульдік полиция қызметкерлерін жек көріп, сыртынан сыбап жүретінін қайтерсіз. Меніңше осындай жауапсыз жүргізушілерге ешқандай да аяушылық болмау керек.

Өткен жолы Өскемен-Алматы жолымен Талдықорғанға дейін барып қайттым. Сонда байқағаным тақтайдай тегіс жолда көлігінің жылдамдығын 100-110 км/сағат жылдамдықпен жүргізетіндер некен саяқ. Бәрі де жау қуып келе жатқандай  жаныңнан зулап өтеді. Тіпті тезірек жүр деп артыңнан фарын жыпылықтатып мезі қылатындар да бар екен. Бүкіл жолдың бойына барлық полиция қызметкерлерін патрульдеп жүргізіп қою мүмкін емес екені түсінікті. Сондықтан да Президентіміз айтқандай интеллектуалдық жүйені барлық жолдардың бойына орнатқаннан басқа тиімді шешім жоқ. Камера мен айыппұлдан ғана сақтанатын, қауіпсіздік белдігін полиция қызметкері үшін ғана тағатын  жүргізушілерді тәртіпке келтірудің төтелей тәсілі осы. Ал оң жақ рөлді  6-8 адамдық көліктерге адам тасымалдаумен айналысуға түбейгейлі тыйым салуды да құптаймын.  Сонымен қатар көліктерді техникалық байқаудан өткізу де бізде елімізде  дұрыс жүйеге қойылмаған. Көлікті кіргізіп, суретке түсіреді де, техникалық байқаудан өтті деп құжат бере салады. Ал көліктің жүріс бөліктерінің жалпы жағдайы қалай, дөңгелектері өзіне сай ма, терезесі бүтін бе, фарлары талапқа сай ма, тежегіштері толық істей ме жоқ па, өрт сөндіру балоны мен "аптечка" бар ма, оның  барлығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Әлгі көлік кейін «шаровые» немесе «рулевой наконечнигі» шығып кетіп, тежегіші істемей қалып  бір жерде тоңқалаң асып жатады. Ал Президентіміздің осы мәселелерге бас назар аударып, жауапты министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеп жатқаны  көңіл қуантады. Бәлкім бұл мәселені  шешудің бір жолы ретінде мектеп оқушыларына  «Көлік жүргізу және жолаушы мәдениеті» деген факультативтік сабақтар өткізу керек шығар.  Жүргізуші куәлігі бар әрбір азаматқа 3-4 жылда бір рет  арнайы 1 күндік курстарға қатысу тәжірибесін енгізу керек шығар.  Қазір  көп жүргізушілер көлік апатының себебін жолдардың нашарлығынан көреді. Ал менің байқағаным жол апаттары нашар жолдарда емес,  керісінше  тақтайдай тегіс жолдарда көп орын алады екен. Ал ойлы-шұңқырлы нашар жолдарда көліктер баяу жүруге мәжбүр болғандықтан ондай келеңсіз жағдайлар некен-саяқ. Жол апатының негізгі себептері мас күйінде басқару,   жылдамдықты асыру, жолда ұйықтап кету, басып озу кезінде үлгермей қалып,  қарсы көлікке соғылудан болады. Сондықтан Президент өз Жолдауында  айтты, ал енді осыны әрбір саналы азамат  дұрыс қабылдап, ертең жол полиция қызметкерлері өз жұмыстарын күшейткен кезде, барлық жолдардың бойына бейнекамералар орнатылған кезде, «халықты тонап жатыр» деп байбалам салып,  қырғи-қабақ танытпай, заңды талаптарға бағыну әрқайсымыздың жауапкершілігімізде. Тек жүрсең тоқ жүресің. Жол ережесін сақтап, өзінің де, өзгенің де өмірін қауіпке тікпей жүрсең ешкім де  қараптан-қарап айыппұл арқаламайды. Түптеп келгенде айыппұл адам өмірінен  артық емес.

Ермек Құрманғалиев

Тарбағатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив