Марқакөлде туризм түлей түспек
Фото: qazaqstan3d.kz
Марқакөл ауданының туристік әлеуеті зор. Мемлекет басшысы шекаралас елді мекендердің туристерді қабылдауға дайындығын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Алдағы уақытта Марқакөл ауылынан Марқакөл көлінің туристік нысанына дейінгі 60 км автожолға жөндеу жүргізілмек, дер хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы өңір тұрғындарымен кездесуінде аудан басшылығы мен жауапты басқармаларға қонақ үйлерді, жол бойындағы сервисті, санитарлық-гигиеналық тораптарды, инфрақұрылымды жақсартуды тапсырды.
- Осы орайда беретін тапсырмам - кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Марқакөл ауданының әкімдігімен бірлесіп, Марқакөл ауданының туристік кластерін дамытудың Мастер-жоспарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізсін. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің облысқа биылғы шілде айындағы сапары аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін Ұранхай ауылынан «Өскемен – Рахман қайнары» жолына дейін «Ескіаустриялық» жолын салу үшін босалқы жерлерге ауыстыру тапсырылды.
Сонымен қатар, Марқакөл ауылынан Марқакөл көлінің туристік нысанына дейінгі 60 км автожолға жөндеу жүргізу қажет. Оны жүргізу үшін мемлекеттік орман қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мәселесін пысықтау маңызды.
Табиғи ресурстар басқармасы жер қатынастары басқармасымен, аудан әкімімен бірлесіп, осы мәселені орталық мемлекеттік органдармен шешуін тапсырамын, - деді Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар қызмет көрсету мен сервистің деңгейін арттырудың маңыздылығы ескеріліп, Технологиялық колледжде қонақжайлылық негіздерін оқытудың көшпелі бағдарламасы әзірленген. Ендігі кезекте аудан кәсіпкерлерін «қонақжайлылық" курсынан өткізу жоспарланған.