Денсаулық күніне орай флешмоб ұйымдастырылды – Өскемен
Ермек Имангазиновтың суреті
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын бүкіл әлемде атап өтіледі. Осыған орай Өскемен қаласында жаппай флешмоб ұйымдастырылды.
Таңертеңнен бастап "Samal" саябағында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналып, түрлі жаттығулар жасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Түрлі іс-шараларға қатысып, белсенділік танытыңыздар. Салауатты өмір салтын ұстану денсаулықтарыңыз үшін өте маңызды, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.
Жаттығудан кейін скандинавиялық серуендеу клубының қатысушылары "Қара жорға" ұлттық биін орындады.
– Мен скандинавиялық серуендеумен үш жылдан бері айналысып келемін. Йогаға да барамын. Қазір жасым 70-ке келсе де, қан қысымым қалпына келіп, өзімді жақсы сезінемін. Таңертең ерте тұрып жаттығу жасаймын. Спортпен үнемі айналысу керек, – дейді қала тұрғыны Нелли Кириллова.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар үшін Денсаулық қалашығы ұйымдастырылып, дәрігерлер тұрғындардың қан қысымын өлшеп, глюкоза мен қандағы холестерин деңгейін анықтап, тегін кеңес берді.
Оқи отырыңыз