KZ
Өскемен
-15°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
523.86 544.34 5.11

Өскеменнің онкохирургтары нәзік жандарға толыққанды өмір сыйлайды

23.05.2023, 20:02 318 Айна Ескенқызы

Қыз-келіншектер қашанда өз мүсініне сыни көзбен қараған. Әйелге әсіресе төсінің әдемілігі мен саулығы мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл болашақта тек сәбиін емізу үшін ғана емес, өмірде өзін толыққанды сезіну үшін де өте маңызды.

Сүт безі қатерлі ісігі әлемде аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша алдыңғы орында тұр. Дерт 50-ден 60 жасқа дейінгі әйелдерде жиі кездеседі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Өскемендегі көпбейінді онкология және хирургия орталығының маммолог-онкохирургтары сүт безі обырының кесірінен отамен алып тастаған омырау бездерін қалпына келтіру операцияларын жасайды. Осылайша, олар нәзік жандарға жаңа толыққанды өмір сыйлайды.

Өкінішке қарай, сүт безі обыры дененің осы бір нәзік мүшесін аяусыз зақымдайды. Кейде онколог-дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қалу үшін онкологияға ұшыраған мүшесін түп-тамырымен алып тастауға мәжбүр болады. Ал бұл – әйел үшін орны толмас өкініш, қайғы, психологиялық күйзеліс. Қазіргі кезде осындай ота жасатқан келіншектерде омырау бездерін қалпына келтіру мүмкіндігі пайда болды. Ондай ота кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде ақысыз жасалады.

Елімізде 2009 жылдан бастап қыз-келіншектерге сүт безі қатерлі ісігінің скринингінен өтуге болады. Жыл сайын тек облыста ғана 50 мыңнан астам әйел тексеріледі. Орташа алғанда, өңірде дәрігерлер жыл сайын «сүт безі қатерлі ісігі» диагнозы қойылған 290-320 пациентті алғаш рет есепке алады.

Орталықтың онколог-маммологы Инна Чертищеваның айтуынша, осы скринингтің арқасында облыста қатерлі ісік өте ерте, 0-1 сатысында анықтала бастады.

– Анықтау деңгейі жоғары болғандықтан біз өте кішкентай ісіктерді де анықтауды үйрендік. Соның нәтижесінде біз сүт безі қатерлі ісігіне онкопластикалық оталарды, сондай-ақ осы патологияда сүт безін толығымен алып тастағаннан кейін реконструктивті операцияларды белсенді түрде жасай бастадық, – деді Инна Леонидовна. – 2018 жылы бізде алғаш рет доктор Абсар мастер-класс өткізді. Абсар Мұхаммед Шаминиз – онкопластикалық хирург, Манчестердегі (Ұлыбритания) сүт безі обыры хирургиясы орталығының клиникалық директоры. Алдымен мен одан үйрену үшін Лондонға бардым, содан кейін ол өзі осында келді. Біз сол кезде екі онкопластикалық операция жасадық, екеуі де сәтті аяқталды. Кейіннен тәжірибемізге осы әдісті белсенді түрде енгізіп, қазір де кеңінен қолданамыз.

Өткен жылдан бастап орталықтың онколог-хирургтары сүт безін толығымен алып тастағанда хирургияны қолдануға мүмкіндік алды. Облыста бұрын сүт безі қатерлі ісігіне ұшырағанда радикалды мастэктомия (сүт безін толығымен алып тастау) жасатқан әйелдердің саны көп.

Осыдан екі жыл бұрын обырдың кесірінен сол жақ омырауын алғызып тастаған науқастардың бірі – жетпіс жастағы Күләш апа. Айтысына қарағанда, скринингтік тексеру кезінде қатерлі ісік анықталыпты. Обырдың басқа органдарға таралып кетуінен қорыққан мамандар бір жақ омырауын түгел сылып алып тастайды.

– Жасым жетпіске келсе де, төсімнен айырылу психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Көпке дейін әлі орнында тұрғандай сезініп жүрдім, ұстап қалсам, бос... Сосын қасымда жатқан отызға да толмаған келіншектерге қарап, тәубеме келдім. Егер жап-жас олар осыған көнсе, жастығым өткен мен неге сонша қайғырам деп ойладым. Қалпына келтіру отасы маған енді керек пе, жоқ па, білмеймін. Ал сол кезде қасымда жатқан келіншектер үшін қуаныштымын. Бар өмірлері алда ғой, олардың жасатқандары дұрыс шығар, – дейді Күләш апа.
– Біз олардың бұлшық еттерін сақтап қалдық, бірақ сүт бездері мен лимфа түйіндерінің коллекторларын толығымен алып тастағанбыз. 2022 жылы жеті науқастың сүт безін толық қалпына келтіру операциялары жүргізілді. Біз импланттардың көмегімен омыраудың көлемін де, пішінін де қалпына келтіріп, емізікті қалпына келтірумен оған эстетикалық әсер бере алдық. Яғни әйелдер енді өз денесінен ұялмайтын болады. Кейін олар татуировка жасатып алса, отаның ізі де білінбейді. Бәрі соншалықты табиғи көрінеді, бұл әйелдің бір кездері сүт безін алып тастаған деп айта да алмайсыз, – деп түсіндірді Инна Чертищева.

Ең қуаныштысы – сүт безін қалпына келтіру операциясының бұл түрі барлық әйелдер үшін тегін, науқастың сақтандыру жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан. Ондай ота кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде ақысыз жасалады.

Қазір көпбейінді онкология және хирургия орталығында үш маммолог-онколог жұмыс істейді. Олардың біреуі науқастарды таңертеңнен кешке дейін қабылдайды және екі хирург операция жасайды. Онкохирургтар онкопластикалық операциялардың барлық түрлерін, оның ішінде қайта қалпына келтіру отасын да жасайды. Көпбейінді орталықтың маммология және онкогинекология бөлімшесі 18 төсекке есептелген және осы жерде айына орта есеппен 68 қыз-келіншек емделіп шығады.

– Қазір біздің алға қойған мақсатымыз көп. Маммологиялық орталық ашу сияқты керемет жобамызды бастаймыз. Сүт безі проблемаларымен келген әйелге бірнеше күн ішінде нақты диагноз қойылады деп үміттенеміз. Біз тиімді, жақсы емдеу әдістерін қолданатын боламыз. Жоспарда вакуумдық аспирациялық биопсияны қолға алу бар. Бұл – сүт безінің қатерсіз ісіктері кезінде тіліксіз, яғни тесу арқылы жасалатын операция. Біз диспансерде отаның осы түрі болғанын қалаймыз, – деп атап өтті Инна Леонидовна.

Естеріңізге сала кетейік, сүт безі қатерлі ісігі әлемде аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша алдыңғы орында тұр. Дерт 50-ден 60 жасқа дейінгі әйелдерде жиі кездеседі. Елімізде сүт безі обырының алдын алу мақсатында 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер екі жылда бір рет омыраудың қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтеді.

Облысқа танымал онкомаммолог Инна Чертищева әйелдерді осы скринингтік тексеруден өтуге үндеді.

– Құрметті қыз-келіншектер, осы тексеруден міндетті түрде  өтіңіздер. Сіздердің отбасылық-амбулаториялық орталықта түсірген маммография қорытындысы бізге онкодиспансерге жіберіледі, оларды біздің рентгенологтар оқиды. Егер оларға бірдеңе ұнамаса, күмәнді көрінсе, біз қосымша тексеруге шақырамыз. Мақсатты биопсия, ультрадыбыстық тексеру, ісіктің табиғатын тексеру үшін (қатерлі немесе қатерсіз екенін) трепан-биопсия алу сияқты тексерулер жүргізіледі. Содан кейін сіз толығымен тегін, мемлекет кепілдік берген ем ала аласыз, – деді Инна Леонидовна.

Маманның пікірінше, өзін-өзі құрметтейтін және жақсы көретін әрбір әйел ай сайын өзін-өзі тексеріп тұруға тиіс, ол үшін омырауын ұстап, пальпация жасауы керек. Егер бірдеңеден күдіктенсе, бірден маманға хабарласқаны жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу