Оқушылардың ораза ұстауы дұрыс па?
Фото: egemen.kz
Он екі айдың төресі, қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл берекелі айды барша мұсылман қауымы асыға күтетіні анық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі бекіткен 2024 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, биыл ораза 11 наурызда басталады. Десе де, діни басқарма әзірге ораза кестесін жариялаған жоқ. Бүгіннен бастап еліміздің барлық аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізілді. Ораза кестесі де сол уақытқа байланысты жарияланбақ.
Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз етілген. Пенденің сабыры мен шыдамы сыналатын бұл айда оразаға ниет еткен жандар да баршылық. Дін өкілдерінің айтуынша, жыл санап артып та келеді. Осы орайда ораза ұстаушылардың жасы уақыт өткен сайын жасарып бара жатқанын да байқаймыз. Олардың қатарында, әлбетте, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер де кездеседі. Десе де, қасиетті айдың қадір-қасиетін партадағы оқушы қаншалықты түсіне алып жүр?!
Алайда, шариғат бойынша парыздан босатылған бірқатар санаттағы адамдар бар екенін де атап өткен жөн. Денсаулық жағдайына байланысты уақытпен дәрі-дәрмек қабылдайтын немесе оның еміне рұқсат етілмейтін науқас адамға, жолда, сапарда жүрген адамға, оның жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға болады. Сондай-ақ ораза ұстауға шамасы келмейтін егде жастағы адам, жүкті және емізулі баласы бар әйел, жас бала және ақылынан адасқан адам және етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынады. Бірақ қарыз болған күндерді міндетті түрде өтеу шарт.
Мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің ауыз бекітуіне қатысты қоғамда пікір екіге жарылған. Бір тарап 5 парыздың бірін өтегендері дұрыс десе, кейбірі бұғанасы қатпай жатып, мұндай қадамға бару орынсыз деп санайды. Тіпті әлеуметтік желі беттерінде жастардың ораза ұстап, ауызашарға баруын сәнге айналдырып алғанын жарыса жазатындар да жетерлік. Одан өзге, ақ халаттыларда балалардың ауыз бекітуіне қарсы пікір білдіріп жататынын көзіміз шалды. Олардың айтуынша, 30 күн бойы ас-ауқаттан тыйылу кезінде баланың ағзасында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болады. Бұл жағдай оның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Дәрігер маманның сөзін ұстаздар да қолдап отыр. Бала денсаулығына әсерінен бөлек, оқуға деген құлшынысы төмендеп кететінін де айтады. Арасында ауыз бекіткенін сылтауға айналдыратындар, мақтан қылып айтатын балалар мен көпшілікке еріп ұстайтындар да бар көрінеді. Бала діннің, парыздың мән-мағынасын тереңінен түсінгеннен кейін ораза ұстаған дұрыс дейді ұстаздар.
Десе де, дін өкілдері оразаның медицина саласында пайдалы екені ғылыми тұрғыда дәлелденгенін алға тартады. Тіпті бұл тақырыпты түпклікті зерттеп, дәлелдеп, Нобель сыйлығын алғандар да бар екені белгілі. Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер болған, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде: «Адамдар барлық ғасырларда ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық діндер тамақ-судан тыйылып ауыз бекітуге шақырудан ешқашан тыйылған емес. Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуімен қамтамасыз етеді», - деген. Медицна мамандары да өз кезегінде ересек адамдардың отыз күн бойы ораза ұстау денсаулыққа оң әсер ететінін айтады.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, әлем тұрғындары арасында жиілеп кеткен қант ауруын емдеу үшін дәрігерлер 10-15 күндей ораза ұстауға кеңес беретін көрінеді. Ораза тұтқан адамдарда адреналин және кортизон гармондары қанға көбірек келеді. Бұл гармондар қатерлі ісік жасушаларының дамуын тежейді. Осылайша ораза рак клеткаларына қарсы қалқан бола алады. Дене құрылысы да ретке келіп, дененің сергектігі артады. Адамның иммунитеті нығайып, асқазан, бүйрек, қант диабеті, жүрек және бауыр ауруларына қарсы тұру қабілеті нығаяды. Бауырдың ас қорыту процесінде де маңызы зор. Ораза кезінде бауыр 3-5 сағат демалады, азық жинау жұмысын бір мезгіл тоқтады. Бұл арада қорғану жүйесін күшейтетін глобин белоктарын дайындайды. Қан қысымы жоғары адамдар үшін ораза дәрі секілді пайдалы.
Ал, дәрігерлер кәмелет жасына толғанда ғана ораза ұстаған жөн деп санайды. Олардың айтуынша, 17-18 жаста баланың ағзасы толықтай қалыптаса бастайды.
Ес біліп, етек жинамаған баланың еліктегіш келетіні бесенеден белгілі. Осы орайда баланың дұрыс жолға түсуіне, елге елеулі азамат бола білуіне ең бірінші ата-ананың жауапты екенін де білеміз. Ұстаздардың да, дін өкілдері мен ақ халаттылардың да сөзі бір жерден шығады. Олар баланы ата-ана бақылауына алып, кез келген дүниенің мән-мағынасын түсіндірсе екен дейді.