ШҚО-да демалыс күндері 5 адам суға кетті
Қайғылы оқиғалар Өскемен, Семей қалалары және Шемонаиха ауданында болды. Суға кеткен адамдардың барлығы арнайы жабдықталмаған орындарда және мас күйде шомылғаны белгілі болып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шемонаиха ауданында іздеу жұмыстары Выдриха ауылының маңында, Үбе өзенінде жүргізілді. Құтқарушылар 41 жастағы ер адам мен 20 жастағы жас жігіттің денесін іздеп тапты. Екеуі бір күнде, бірақ екі түрлі жерде суға кеткен екен.
Өскеменде 4 тамыз күні Кенді емес материалдар комбинаты ауданындағы жасанды котлованда 41 жастағы ер адам суға кетті. Бұл жерде суға түсуге тыйым салынған. Оқиғаға куә болғандар құтқарушыларды шақыртып, 40 минуттан кейін ер адамның денесі табылыпты.
Ұқсас оқиға Меновной ауылында бір күн бұрын болған екен. Саяжай аумағындағы жабдықталмаған орында шомылып жүрген 49 жастағы ер адам суға кетті. Оның денесін құтқарушылар су түбінен бір сағаттан кейін алып шықты.
Семейде кеше кешкі уақытта құтқарушылар 32 жастағы ер адамның денесін іздеп тапты. Ол бір сағат бұрын ғана Березовский кентінің маңындағы Птичник көлінде мас күйінде шомылып жүрген екен.
ШҚО ТЖД ақпараты бойынша, суға түсу маусымы басталғалы бері ШҚО-да 29 адам суға кетті.