Жеңіл атлетика: кері кетіп бара жатқан жоқпыз ба?
Өскеменде мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан ел чемпионатында жерлестеріміз 11 медаль жеңіп алды.
Бір қарағанда, 11 жүлде деген аз емес сияқты. Алайда саңлақтарымыздың өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырар болсақ, кері кетіп бара жатқандаймыз. Бұған төменде келтірген мысалдар дәлел бола алады.
Мәселен, осыдан алты жыл бұрын өткен ел чемпионатында атлеттеріміз жалпы саны 16 жүлде жеңіп алса, оның жетеуі алтын болатын. Ал өз жерінде өткен биылғы жарыста облыс құрамасы небары үш алтын жүлдеге қол жеткізді. Бір қызығы, соңғы жылдары Шығыс Қазақстаннан елішілік жарыстарда тамаша нәтижелер көрсетіп жүрген жастар көптеп шыққанымен, есесіне ересектеріміздің көрсеткіштері жылдан-жылға нашарлап барады. Бұдан да төмен нәтиже 2018 жылы ғана тіркеліпті. Ол кезде командамыз қоржынға 11 жүлде салған.
Ал бұл жолғы жарыстың қорытындысы бойынша үш алтын, үш күміс және бес қола медальға қол жеткізген Шығыс Қазақстан құрамасы алдына Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласының командаларын жіберіп, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады.
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өткен биылғы ел біріншілігінде көзге түскен жерлестеріміздің арасында 1 500 метрге жүгіру сайысында топ жарған Арина Гладышеваның жетісігін атап өткеніміз жөн. 15 жастағы жерлесіміз осыдан біраз бұрын өткен жастар арасындағы ел чемпионатында да жеңіске жеткен болатын. Енді, міне, ересектер арасында да үздік атанып отыр. Осы ретте, Гладышева өзінің нәтижесін жеті секундқа жаңартқанын айту керек. Мың жарым метрлік қашықтықты Арина 4 минут 24 секундта жүгіріп өтті.
Тағы бір алтын биіктікке секіру сайысының хас шебері Надежда Дубовицкаяның еншісіне жазылды. Семейлік атлет бұл жолы 1 метр 92 сантиметрге тең биіктікті еңсерді. Сөйтті де, соңғы алты жылдағы төртінші алтынына қол жеткізді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Дубовицкаяның көрсеткіштері даңқты Ольга Рыпакованікінен де тәуір екенін айту керек.
Үшінші, соңғы алтын медальды да биіктікке секірушіміз әперді. Ерлер сынында өнер көрсеткен Владислав Бахтин 2 метр 12 сантиметрге секіріп, былтырғы жетістігін қайталады. Еске салайық, 2020 жылғы елішілік додада Бахтин тура осындай нәтиже көрсеткен болатын.