Ғаламның тағдыры адамның қолында
![](/kz/uploads/posts/2024-05/chknshlchvk.webp)
Жұмыр жерде сан мыңдаған тіршілік атаулы болса, соның ішінде табиғатқа ең көп зардап тигізетін адам екен. Иә, тазалық – адамның ішкі мәдениеті мен рухани байлығының көрінісі. Тазалықты сақтау, оған ұмтылу кез келген жанның кісілігінен hәм тәрбиесінен хабар береді.
Кейінгі кезде әлемде қоршаған ортаны қорғау, сақтау өзекті мәселеге айналды және ол бүкіл дүниежүзі жұртын қатты алаңдатып отыр. Экологтар дабыл қағып, темекі тұқылы, бос бөтелке, полиэтилен пакет сияқты толып жатқан тұрмыстық қалдықтар ғаламшарды «тұншықтырып», табиғатқа орасан зор зиян тигізіп жатқанын айтады.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген тәмсіл бар халқымызда. Қазақ тазалыққа бағзыдан ерекше мән беріп, жас баланың санасына сіңіріп өсірген. Әсіресе ауылды жерлерде күнделікті есік алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыс шығару, реттеу жұмыстары әдетке айналғаны белгілі. Ауланың таза болуы үй иесінің жан дүниесінің айнасы іспеттес.
Ал сан мыңдаған тұрғыны бар қалаларда тазалық мәдениеті қалыптасқан ба? Биыл еліміздің бірқатар аймағы табиғат апатынан зардап шегіп, қарапайым халық баспанасынан, барынан айырылып қалды. Қысы қаhарлы, қары қалың Шығыс өңіріне де жыл сайын қарғын судың қаупі төнетін. Жергілікті билік те табиғаттың тосын мінезіне дағдыланып алған, дайындықты ерте көктемнен бастайды. Қар шығару, арықтар мен су бұру каналдарын тазарту жұмыстары мұқият жүргізіледі. Алайда облыс орталығының билігі жыл сайын тұрғындарға ескерту жасаумен келеді.
Шаhар басшылығы тұрғындардан қала тазалығына ғана емес, қауіпсіздікке де аса мән беруді сұрайды.
Алтайдың алты ай қысында айнала аппақ қарға оранып, қоқыс біткен бүркеліп жатады. Көктем шыға қар астынан қылаң беретін тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін көпшілік сенбілікке шығады. Айналасын әсемдеп, көшелерін көркейтуге бейжай қарамайтын еріктілер де атсалысады. Бұл дәстүр биыл жалғасын тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған.
Бес аптаға жалғасқан акция аясында облыс бойынша 21,4 мың ауладан 6,4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Бірнеше мыңдаған көшет егіліп, елді мекендермен қатар өзен-көлдердің айналасын көгалдандыру жұмысы жүргізілді.
Сөзбен сынағанша, іспен дәлелдейік
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Осы ұстанымды ұстанған шығысқазақстандық экобелсенділер де көктем шыға өз жұмыстарына белсене кіріскен. Бұл жолы олар халық көп жүретін демалыс орындарында рейд өткізіп, қоқыс жәшіктерінің орналасуы мен уақтылы тазартылуын, көгалдандыруға, ағаштардың күтіміне баға берді.
Ұйымдастырушылар бұл шараға қала тұрғындарын шақырған көрінеді. Себебі әлеуметтік желіде қаланың тазалығына шағым айтып, пікір білдірушілер жетіп артылады. Бірақ әлемжелідегі «табиғат жанашырларының» бәрі бірдей рейдке қызығушылық танытпаған көрінеді.
Сондай-ақ белсенділер жергілікті билік өкілдеріне сенбіліктер, түрлі іс-шаралар қамтылатын және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынбақ.
Алғашқы рейдте байқағанымыз тұрғындар көп жүретін кейбір демалыс орындарында мүлде қоқыс жәшігі жоқ болып шықты. Шаһарда көгалдандыру жұмыстары жақсы жүргізілгенімен, кей жерлерде қаланың көркін кетіретін ескірген, қураған ағаштар тұр. Олар адам өміріне де қауіп төндіреді.
Рейд барысында анықталған кемшіліктер тіркеліп, мамыр айының соңында өтетін қоғамдық кеңес отырысында қаралады және шешу жолдары сарапшылармен бірге талқыланатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, тазалық мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама дайындау туралы ұсыныс Үкіметке бұған дейін де жолданған. Мәселен, Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Мақсат Толықбай депутаттық сауалында тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталатынын атап өтіп, арнайы бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын жеткізген.
Өркениетті елдердің өнегесі
Жапония, Сингапур, Швейцария, Германия сынды дамыған елдерге барған жан тазалығына таңданып, таңдай қағады. Жасыл желекті жайқалтып, көшелерін мұнтаздай таза ұстайтынына тәнті болады көпшілік. Тазалыққа қатысты әлем елдерінің тәжірибесін зерделеуге тырысқан едік. Нәтижесінде, мемлекет тазалығына ел тұрғындары ерекше назар аударатынын білдік. Мәселен, Жапонияға саяхаттап барсаңыз қоқыс жәшіктерін таппауыңыз мүмкін. Аула сыпырушылар да жоқ. Күншығыс елі әлемдегі ерекше таза қалалар тізіміне кіреді. «Қалайша?» дейсіз ғой. Себебі мектеп оқушыларына тазалық жұмысы күнделікті тәртіп саналады. Әр отбасында ата-ана балаларын қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға үйретеді. Бұл қоғамдық сананың элементін мектеп бағдарламасына енгізіп, балаларды қоршаған ортаны аялауға, жауапкершілікке баулиды. Кеңсе қызметкерлері күнде таңертең жұмыс орнының айналасын жинаса, балалар ай сайын мектептің маңайын тазалайды.
Жапонияның тазалық шаралары туристік көрнекілікке де айналып кеткен. Тіпті футбол жанкүйерлері матч соңынан стадионды қоқыстан тазартып, әлемді таңдандырып келеді.
Сингапур де бүгінде әлемдегі таза, қауіпсіз әрі экономикалық әлеуеті жоғары елдің біріне айналған. Мұндай дәрежеге олар темірдей тәртіптің арқасында жеткен. Көшеде қоқыс тастағандарға бұл елде қомақты айыппұл салынып, заңға тартады. Сондай-ақ Сингапурде қоғамдық орындарда және көшеде тамақтану, сағыз шайнау, шылым шегуге тыйым салынған. 1992 жылдан бастап ел өкіметі сағыз шайнауға және оны тасуға тыйым салған.
Қоғамдық көлікте, аялдамада немесе көшеде қатты шөлдесеңіз сабыр сақтап, шыдауға тура келеді. Көшеде сусын ішуге болмайды. Ал темекіні арнайы рұқсат етілген жерге барып қана шегесіз. Талап сақталмаса қомақты мөлшерде айыппұл салынады. Одан нәтиже шықпаса айыппұл мөлшері еселеніп, қатаң жаза қолданылады.
Сингапурлықтар «Тазалық – өскелең ұрпақтың денсаулығына да оң әсерін тигізеді» деп есептейді. Сондықтан да мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге бұл туралы арнайы дәріс өткізіледі. Кішкентайынан санасына сіңген тәлім-тағылымның арқасында бүлдіршіндер үйде, қоғамдық орындарда, көшеде тазалықты сақтауға тырысады. Осылайша қатал заңымен Сингапур елі қоғамда тәртіп орнатып қана қоймай, қарапайым дүниелерді ескеру арқылы дені сау ұрпақ пен экономикалық өркендеуге қол жеткізіп отыр.
Осындай мәдениетті бойымызға сіңіруге бізге не кедергі? Өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысқан абзал.